Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтардың отандық медицинаға көңілі толмайды – зерттеу

Халықаралық зерттеу нәтижесі жарияланды

 Айнұр Шошаева 27.06.2024 | 09:56
Қазақстандықтардың отандық медицинаға көңілі толмайды – зерттеу
фото: STADA

Қазақстанда дәстүрлі медицинаға сенім артып, денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне қанағаттану төмендеген. Халықаралық STADA Health Report 2024 зерттеуінің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Осымен 11-ші рет жарияланып отырған зерттеу онлайн сауалнама көмегімен 23 елде жүзеге асты. 18 жастан 99 жасқа дейінгі 46 000 респондент өз еліндегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қанағаттану деңгейі мен оны жақсарту шаралары туралы сұрақтарға жауап берді. Зерттеу авторлары психикалық денсаулық, өзіңе көңіл бөлу, қарттық пен жалғыздыққа бола алаңдау, жеке бақыт және сырт келбетіңе қанағаттану секілді тақырыптарды қозғады. Бұл зерттеу Қазақстанда үшінші, ал Өзбекстанда екінші жыл өткізіліп отыр.

Қазақстанда үшінші жыл, Өзбекстанда екінші жыл зерттеу жүргізіп отырмыз. Бұл зерттеу денсаулық сақтау саласындағы үрдістерді қолдауға мүмкіндік береді. Біз ол үрдістермен денсаулық сақтаудың эко-жүйесіндегі барлық қатысушымен бөліскіміз келеді. Фармацевтикалық компания ретінде біз өзімізді осы эко-жүйенің қатысушысы ретінде сезінеміз. Өйткені біздің мақсатымыз бір, ол – адамдардың бақытты болуы және ұзақ өмір сүруі. Қазір aging, longevity деген сөздер бар. Әрі қолданысқа бекер енгізілген жоқ. Барлық елде Өзбекстандағыдай жыл сайын 1 млн адам өмірге келіп жатқан жоқ. Еуропада демографиялық жағдай біздің елге қарағанда басқаша. Бұл бізді алаңдатады. Тек алаңдатып қоймай, нақты қадамдарды қабылдау керек екенін түсінеміз. Қазақстан мен Өзбекстандағы үрдіс басқа, тіпті халықты толғандыратын мәселелер де басқаша болып келеді, - деді STADA компаниясының Еуразия аймағындағы вице-президенті Арминас Мацевичус. 

Оның пікірінше, әлемде денсаулық сақтау жүйесін бағалау көрсеткіші төмендеп барады. Бұған коронавирус пандемиясының әсері бар.

«Жауаптары өте қызық. Кейбір жауап алаңдатады. Денсаулық сақтау жүйесін бағалау көрсеткіші төмен түсіп бара жатыр. Еуропалық елдер, Қазақстан мен Өзбекстанның көрсеткіштері орташа деңгейден төмен тұр. Негативті үрдістер барлық елде бар. Бірінде аз, бірінде көп. Бұл біздің бәрімізге ескерту. Халықтың салаға неге көңілі толмайды? STADA - әлемнің барлық елінде жұмыс істейтін жаһандық фармацевтикалық компания. Біздің зерттеуіміз тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жету үшін үлес қосуды көздейді. Зерттеу нәтижесі компанияның адамға қамқорлық жасау дейтін негізгі миссиясын басшылыққа ала отырып, науқастар мен медицина қызметкерлерінің талабына мейлінше жауап беруге көмектеседі. STADA Health Report зерттеуін 2014 жылдан бері жүргізіп келеміз. Осы уақыт ішінде зерттеу шын мәнінде халықаралық деңгейге шықты. Біз түрлі ел мен әртүрлі аймақтың нәтижесін салыстыру мүмкіндігіне ие болдық. Еуразия аймағынан екі елдің есепке кіргеніне қуаныштымын. Біз үнемі зерттеу нәтижесін жалпы көпшілікке ұсынамыз. Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететін мамандар сала жұмысының маңызды аспектілері туралы қоғамдық пікірді білсе, ел тұрғындары өз денсаулығына байланысты мәселелерге қалай қарайтынынан хабардар болса дейміз», - деді ол. 

Зерттеу жүргізілген елдерде денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне қанағаттану деңгейі төмендеумен келеді, Қазақстан да осы елдер қатарында. Қазақстандық респонденттердің 67%-ы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына көңілі толмайтынын айтады (былтырғы нәтижеге +10%). 27%-ы ғана олардың жұмысын қанағаттанарлық деп бағалайды. Дегенмен, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан көш басында емес екенін айтқан жөн. Мысалы, Ұлыбритания тұрғындары ДС жүйесінің жұмысына мейлінше күмәнмен қарайды (минус 11%), ал көптеген елдегі қоғамдық пікірге сай «жағдайы жақсы» Германияда 8%-ға дейін төмендеген. ҚР денсаулық сақтау жүйесін оң бағалауға ықпал еткен себептер: дәрігер немесе фармацевт дұрыс кеңес беріп, көмек көрсете алады (45%); қажетті профилактикалық медицина қызметі бар (42%); керек кезінде дәрі сатып ала алу мүмкіндігі бар (35%).

Зерттеу жүргізілген елдердің барлығында дерлік денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қанағаттану көрсеткіші төмендеген, бұл Қазақстанға да тән. Сонымен бірге қазақстандық респонденттердің айтарлықтай бөлігі дәстүрлі медицинаға сенеді. Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесінің біртұтастығын ұстап тұруда шешуші рөл ойнайды, бұл үміт сыйламай қоймайды. Есеп нәтижесінен қазақстандықтардың елдегі медициналық қызметтің ұйымдастырылуы мен көрсетілуіне қатысты сұрақтары бар екенін көруге болады. Ең бастысы да осы, елде денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жақсартуға қоғам тарапынан сұраныс бар және тұрғындар түйткілді мәселелерді түсінеді. Бұл әрі қарайғы жұмысты жеңілдетеді. Аталған зерттеуді министрлік назарына ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап беру қиын. Біз фармацефтикалық индустрия ретінде бұл зерттеумен бөлісіп, бірлесіп не істей аламыз деген сұрақты талқылауға дайынбыз, - деді компанияның Қазақстандағы бизнесіне жауапты жетекшісі Наталья Гарипова.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласына жауапты тұлғалардың осы салада жұмыс тәжірибесі болуы керек деп санайтын қазақстандық респонденттердің үлесі – 69%, Еуропадан айтарлықтай жоғары (48%). Респонденттердің 42%-ы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жақсарту отандық дәрі-дәрмек өндірісінің дамуына жол ашады десе, 37%-ы мамандарды тарту үшін олардың жалақысын көтеру керек деп санайды.

«Қазақстандықтардың 17%-ы дәстүрлі медицинаны күмәнсіз қолдайды, 40%-ы жалпы сенеді, бірақ кей мәселелерді өз бетінше интернеттен іздеп зерттейді, тек 23%-ы ғана дәстүрлі медицинаның ұсынымдарына күдікпен қарайды. Дәрігерлер мен фармацевтер сияқты денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі практик мамандардың болуы, дәстүрлі медицина өзінің тиімділігін дәлелдеуі сенім білдірудің негізгі себептері қатарында тұр», - деді ол.

Сондай-ақ зерттеуге қатысқандардың 49%-ы ЖИ деген не екенін түсінеді және технология қоғамға пайдасын тигізеді деп санайды. 13%-ы қазірге түсінбейді, бірақ жалпы жағымды бағалайды. Респонденттердің көпшілігі медицина саласындағы цифрлық шешімдерді қабылдауға дайын. Мәселен, 57%-ы науқастардың электрондық картасын енгізуді қолдайды, 46%-ы электрондық рецептер болса дейді, ал 37%-ы дәрілердің электрондық нұсқаулығын енгізуді қолдайды. 36%-ы ЖИ дәрігерлер мен фармацевтерге қолдау көрсететін құрал деп санайды. Болашақтың мәселесін айтқанда, сауалнамаға қатысушылардың 30%-ы роботтар хирургияда ота жасауға міндетті түрде қатысады деп санайды; 27%-ы трансплантация жасалатын ағзаны адамның өз денесінен алынған клеткадан өсіріп шығарады деп сенеді, 22%-ы суық тию мен тұмаудың дәрісі жасалатынына сенім артса, әр бесінші респондент жеке қажеттілігін есепке ала отырып, жасалған тағамға қосымша қоспаларды пайдаланғысы келетінін білдірген.

Зерттеудің үлкен бір бөлімі психикалық денсаулық мәселесіне арналды, соның ішінде зерттеуге қатысушылар өзін бақытты сезіне ме деген сауал болды. Қазақстандық респонденттер арасында өзін бақытты санайтындардың үлесі – 63%, бұл Еуропа елдерінен аз ғана төмен (67%). Дегенмен, бақытты сезіну психологиялық саулыққа жағымсыз әсерден құтқара алмайды. 2023 жылы ДДСҰ жалғыздықты қоғамдық денсаулық сақтаудағы жаһандық мәселе деп жариялап, оның ұзақ мерзімді салдары ретінде күйзеліс, үрей, инсульт, жүрек аурулары және ІІ типті диабет қаупін атап көрсетті. Қазақстан адамдары өзін жалғыз сезінетін (57%) және титықтап шаршайтын (68%) елдер қатарында.

Қазақстаннан зерттеуге қатысушылардың 43%-ы қартаюды ойлап алаңдайды, оның ішінде 74%-ы жасы келуіне орай физикалық қартаюды айтса, 59%-ы сырт келбетінің нашарлайтынын ойлайды. Ал 56%-ы жақындарына масыл болудан қорқады. 50%-ы қартайғанда қаржылық жағынан қысылмауды ойласа, 48%-ы жас келгенде пайда болатын Альцгеймер, Паркинсон, деменция сияқты аурулардан қауіптенеді. Қазіргі медицина кейбір аурудың дамуын алдын ала анықтай алады. Қазақстандықтардың 67%-ы қауіп-қатерді біліп отыру үшін тестілеуден өтуге келісетінін айтқан. Әр бесінші қазақстандық респондент қартайғанда оқшаулану салдарынан жалғыз қалудан қорқады. Еуропалықтар арасында олардың үлесі қатысушылардың үштен біріне тең.

Сонымен қатар Қазақстан тұрғындарының үштен бірінің (31%) сырт келбетіне көңілі толмайды. Ал Еуропа көлемінде әр бесінші респондент осындай ойда (21%), соның ішінде еуропалықтардың 49%-ы көңіл толмаудың себебі ретінде артық салмақты атаған. Қазақстанда артық салмағым бар дейтіндердің үлесі 34%, 16%-ы семіздік бар деп санайды. Қазақстандықтар арасында сырт келбетін жақсарту үшін ақша жұмсауға дайын жандар көп болғанымен, оған бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Сұрауға жауап бергендердің 36%-ы ақша болған жағдайда дереу эстетикалық стоматологияға баратынын айтса, 31%-ы ол туралы ойлайды, ал расында жасатқандардың үлесі 5% ғана. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтар бірінші кезекте басқалар үшін емес, өзі үшін сырт келбетін жақсартуға күші мен қаражатын жұмсауға дайын: респонденттердің 9%-ы ғана серігін қуанту үшін сырт келбетін өзгертуге дайын екенін айтқан. Қатысушылардың 39%-ы сырт келбетін жақсарту өзіне деген сенімін арттыратынын айтса, 32%-ы қартаюдың салдарын азайтамын деп ойлайды, ал 29%-ы өзін бұрынғыдан да бақыттырақ сезінемін деп үміттенеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама