Су тасқыны келесі жылы қайталануы мүмкін бе – вице-премьер жауабы
Қазірге дейін 67 мың адам өз үйіне оралды
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елімізде келесі жылы су тасқыны болмайды деп нақты айта алмады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдымен вице-премьер отставкаға кетуге қорықпайтынын жеткізді.
Біріншіден, менің тәжірибем бар. Сондықтан отставкаға кетуге дайынмын. (...) Қазір біз баспанасыз қалған адамдарды үймен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз.
Екіншіден, апатты алдын ала болжайтын жүйені жасауға назар аударып жатырмыз. 2 мәселені биыл қолға алып, тиісті министрліктерді қамтамасыз етіп, бәрін жасасақ, су тасқыны болса да, келген шығын аздау болады, - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін.
Журналист «Үкіметтің осы бағыттағы жұмысын үйлестіретін адам ретінде «келесі жылы елімізде осындай алапат су тасқыны болмайды» деп уәде бере аласыз ба?» деп сұрады.
Қанат Бозымбаев бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын айтты.
Оны кім айтады? Алладан сұраңыз... Су тасқыны бола ма, болмай ма? Оны Алладан сұраңыз, - деді премьер-министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Қанат Бозымбаев су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеу үшін 257 млрд теңге керек екенін айтты. Шамамен 67 мың адам өз үйіне оралды, эвакуациялық пункттердегі 3664 тұрғынға қажет барлық көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқыны басталғалы барлығы 12 мың 86 тұрғын үй мен 7 380 саяжай (жалғыз баспана) су астында қалды.