«Шектеуді алып тастадық». Биенің сүті Қытайға да сатылуы мүмкін
Шаруалар өнімін шетелге өткізе алмай отыр
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алдағы уақытта биенің құрғақ сүті Қытайға экспортталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Аманжол Әлтай елімізде биенің сүтін терең өңдейтін зауыт салу мәселесін көтерді.
Өкінішке қарай, бүгінде төрт түліктің төресі – жылқының бағасы доңыздан төмен, ал биенің сүті бағаланбай отыр. Себебі тек биенің сүтін тереңдетіп өңдеу арқылы оны қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыруға мүмкіндік бар. Молодежный (Қарағанды облысы) кентін қоспағанда елімізде биенің сүтін өңдейтін зауыт жоқ. Жалпы биенің сүтін өңдейтін зауыт салу жоспарда бар ма? - деді депутат.
Ауыл шаруашылығы министрі мұндай проблеманың бар екенін мойындады.
Қарағанды облысында саумал өндірісі бар. Өткен аптада сол жақты аралап, жігіттермен кездестім. Әр облыста бие сауып жүрген азаматтар да, сонымен қатар саумалды өткізудің проблемасы да бар. Еуропаға (өнімді) өткізе алмай отырмыз дейді. Себебі, сұраныс шамалы. (Олар өнімін) Қытайға өткізуді сұрап отыр. Сондай-ақ (биенің құрғақ сүтін) БАӘ-ге жіберіп жатырмыз. Ол жақта бұл өнімді құлындарға тамақ ретінде береді екен, - деді Айдарбек Сапаров.
Ведомство басшысы алдағы уақытта биенің құрғақ сүті Қытайға сатылуы мүмкін екенін айтты.
«Қазір Қытайға шектеуді алып тастадық. Реестрге енгізу жұмысын жүргізіп жатырмыз. (Реестр) ашылса, жұмысты Қарағандыдан бастаймыз. Сұраныс болса, зауыт салуға ниет танытқан біраз адам бар. Мысалы Солтүстік Қазақстан облысында «Барлыбай» деген шаруа қожалығы бар. Олар бие сауып, қымыз сатады. Біраз азамат (биенің сүтін өңдейтін зауыт) ашуға дайын. Биыл жылқының басы 4 млн-ға артты», - деді министр.