Полицей Серік Әбілдаев 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан
23 маусым – полиция күні. Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер министрлігіне қарасты орындарда жұмыс істеген 800-ден аса полицей қызмет барысында қаза тапқан. Соның бірі – Серік Әбілдаев. Полиция лейтенанты 2016 жылы Алматыдағы теракт кезінде Руслан Күлекбаевтың қолынан қаза тапты. Halyq Uni тілшісі Алматыда марқұм полицейдің жесірі Әсел Баймұхамбетовамен кездесіп, отбасының жағдайын білді.
АЛМАТЫДАҒЫ ТЕРАКТ
Алматыда 2016 жылдың 18 шілдесінде Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі төңірегінде атыс болды. Қылмыскер полиция мекемесіне кірмек болған, құжатын көрсетуден бас тартқан ол кезекші қызметкерді жаралап, тағы екі полицей мен қарапайым азаматқа оқ атқан. Әрі қарай Руслан Күлекбаев 10 минут ішінде Алматы ҰҚК департаменті мекемесіне жетеді. Қайта атыс басталады. Осы оқиға салдарынан құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың сегіз қызметкері мен екі азамат қаза тапты.
2016 жылы Алматы соты Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесу, оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. 2003 жылы желтоқсандағы президент жарлығына сәйкес, жазаның бұл түрін қолдануға мораторий жарияланған. Күлекбаев жазасын «Қара бүркіт» түрмесінде өтеп жатыр.
АРТЫНДА ҮШ ҚЫЗЫ ҚАЛДЫ
Полицейдің жесірі Әсел Баймұхамбетова сол күнді есіне алды. Айтуынша, ол сәтте кенже қызы небәрі бір жарым жаста болған.
«Сол күні әлеуметтік желі арқылы Алматыда полицияға шабуыл жасалғанын естідік. Үлкен қызым ол кезде 12 жаста болды. Ол да бір жерден естіп келіп, «әкеме хабарласыңызшы» деді. Сұрастыра келе оқиғаның Алмалы ауданында болғанын білдім. Күйеуім Бостандық ауданында істейтін. Ол жақта ештеңе болмаған шығар дедім. Сол күні күйеуім патрульге шығатын көлік бұзылған екен. Көлікті жөндеу жұмыстарына жібергелі жатқан. Сол кезде шақырту түскен. Екі полицей болып шыққан. Күйеуімнің жанындағы әріптесі оқ өткізбейтін кеудешесін кимеген екен. Шәріпов – Құрманғазы көшесіне жеткен кезде көлікті тоқтатқан. Сол кезде қылмыскер алдымен жолдасымның әріптесін, содан кейін Серікті атқан. Жолдасымның күре тамыры үзілген. Кешке сол полицейлердің ішінде Серіктің бар екенін білдім. Жансақтау бөліміне түскен екен. Қатты қиын жағдайда екен деп ойлаған жоқпын. Ол кезде қаланың әкімі Бауыржан Байбек еді. Ауруханаға келген кезде күніне бір рет кіруге рұқсат алдық. Аппаратта 12 күн жатты», - дейді Әсел Баймұхамбетова.
Әйел соңына дейін үміт үзбегенін, сауығып кетеді деп сенгенін айтты.
Ол кезде ерлі-зайыптының үлкен қызы 12 жаста, екінші қызы 8 жаста, ал кенжесі бір жарым жаста болған. Қазір тұңғышы университетте білім алып жатыр, екінші курсты тәмамдаған. Келешекте әке жолын жалғап, ішкі істер органдарында қызмет еткісі келеді.
Әкесі қызмет еткен салаға барғысы келеді. Қыздарым әкесінің полицей болғанын мақтан тұтады. Жақсы көреді. Жолдасымның әріптестері келген кезде қуанып қалады. Кей мереке күні келмей жатса, кенже қызым «келмеді ғой, бізді ұмытып кетті ме?» деп сұрайды. Сол кісілердің құттықтағанын, сыйлықтарын күтеді, - дейді әйел.
Әңгіме барысында Руслан Күлекбаевқа қатысты сот процесі туралы да сұрадық. Айтуынша, сотталушы ол кезде өзін кінәлі деп сезінбеген.
Өзін кәнәлі сезініп отырғанын байқамадым. Судья «қанша әйел бала-шағасымен бірге жылап қалды» деген кезде «менің бауырларымды да қинаған», «ничего страшного» деген сыңайда жауап берді. (…) Бір адаммен ерегесіп қалса, жеке барып сөйлеспей ме?.. Көшеге шығып «батыр» болудың не қажеті бар?! Өзі отыр, оның да отбасы жақсы болып жүр деп ойламаймын. Өзінің де, біздің де өмірімізді құртты. Оның «Қара бүркітте» отырғанын сұрап тұрамыз. Шығып кетпеді ме деп сұраймыз, - дейді Әсел Баймұхамбетова.
Полиция лейтенанты Серік Әбілдаев 2016 жылы зейнетке шығуына екі жыл қалғанда дүниеден өткен. Алматыдағы теракт кезінде қайтыс болғандардың ішінде үлкені де өзі болған.
15 МЫҢ ТЕҢГЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАДЫ
Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына өтемақы төленеді. Ол «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-баптың 9-тармағы) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-баптың 4-тармағы) заңда айқындалған. Заңға 2022 жылдың шілдесінде өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді.
Алайда қос бірдей заңға енгізілген жаңа тармақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін қайтыс болған қызметкердің отбасы мүшелері үшін ғана қолданылады.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес қызмет барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына марқұмның соңғы жалақысының 40%-ы көлемінде жесіріне өмір бойына төлем жасалады. Ұл-қызы 23 жасқа толғанша материалдық көмек көрсетіледі. Алайда отбасының асыраушысы 2022 жылға дейін қайтыс болған әйелдер мұндай көмекті ала алмайды.
Жесірлерді алалап, неге олай істейді? 2022 жылдан кейін күйеуінен айырылғандар төлем алсын. Бәріміз бірдей жағдайда тағдырлас болып отырмыз. Бәріміздің күйеуіміз қылмыскердің қолынан қаза болып отыр. 2016 жылы жолдасым теракт кезінде террористің қолынан қайтыс болды. Жолда, үйде қайтыс болған жоқ қой. Неге дәл сондай күйеуімнің соңғы жалақысының 40%-ын неге мен алмаймын? Неге алалайды? Ішкі істер министрлігі шеше алмаса, президентке үндеу жасаймыз. Күйеуімнің қайтыс болғанына сегіз жыл болды. Ал жәрдемақы бізге балалар өскенше қажет. Қазір тек асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыны аламыз. Ол жерде бір балаға 40 мың теңге беріледі. Басқа еш жерден қаржылай көмек жоқ. Бұрын Алматы полиция департаменті қаржыландыратын Көмек орталығы болды. Оны Асылбек Османов деген кісі басқарды. Ол кісінің қайтыс болғанына жарты жыл болды. Орталық кенже қызымның балабақшасын төлеп берді. Мен сияқты күйеуі қызметте қайтыс болғандардың бала-шағасына көмектесетін. Алты айдан бері ешқандай көмек жоқ, бала ауырса да ешкімнен көмек сұрай алмаймыз, - дейді Әсел Баймұхамбетова.
Айтуынша, жесір қалған әйелдерге «көк құжат» берген. Ол арқылы зейнетақы төленеді. Алайда оның сомасы да көңіл көншітпейді.
«Жолдасым қайтыс болған кезде берілетін зейнетақы сомасы 13 800 теңге болды. Сегіз жылда 2 мың теңге қосылды. Қазір 15 мың теңге алып отырмын. Қыздар өскеннен кейін оларға төленетін жәрдемақы тоқтайды, ал 15 мың теңге беріле береді. (…) Алматы полиция департаменті қаржылай көмектеспесе де, балаларды театрға апарып тұрады. Концерт болса, балаларды ұмытпайды. Ондай жерге өзіміз ақша төлеп бара алмаймыз, ақша бала-шағадан артылмайды. Артық қыдырып жүретіндей жағдайымыз жоқ. Олар болмаса, мұндай концертті де көрмейтін едік», - дейді әйел.
Серік Әбілдаев патрульдік полиция полкінің үшінші ротасында қызмет еткен. Сол ротадағы әріптестері жыл сайын, мереке сайын Әбілдаевтың отбасын құттықтап тұрады.
Қазір полицияға деген халықтың көзқарасы жақсы. 2022 жылдан кейін өзгерді. Адамдар қазір полиция қызметкерін құрметтейді. Қазір ғана полицияның қиын жұмысын бағалайды. Бұрын менің жолдасым жұмыс істеген кезде мұндай болмады. Жолдасым қайтыс болғаннан кейін «Айбын» орденін берді. Сол орденді жылап әрең алдым. Тірі кезінде бағаламай, қайтыс болғаннан кейін бергенінің несі керек? Ол кезде халық та, бағалау да басқа болды, - дейді ол.
ІІМ МЕКТЕП БАСТАЛАРДА 50 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БЕРЕДІ
Әйелдің сөзінше, Алматы әкімдігі мен полиция департаменті қызметте қайтыс болғандардың ұл-қызын сауықтыру орталықтары, лагерьге жіберуге асықпай отыр. Ал мектепке дайындық кезінде жергілікті полицияның бір күндік жалақысы есебінен бір балаға 30 мың теңгеден берілген.
Ішкі істер министрлігінде арнайы қор бар. Олар сабақ басталатын кезде бір балаға 50 мың теңгеден береді. Ол ақша бір балаға жетпейді. Бір баланы 200 мың теңгеге киіндіріп жатады. Неге Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігіне қарасты қор жылына бір рет 100 мың теңгеден бермейді? Неге көтермейді? Жылына бір рет қана берілетін қаражат. Мектеп бітірген кезде 100 мың теңгеден береді. Жыл сайын Алматыдан осындай жағдайдағы 2-3 түлек қана шығады. Ол жақсы көмек. Қызым мектеп бітірген кезде алдық. Мектеп басталардағы көмекті алатын кезде «тұрмысқа шықпады» деген анықтама өткіземіз. Баланың мектепте оқып жатқанын растаймыз. Тұрмыс құрған әйелдерге берілмейді. Олар тұрмыс тұрғанымен, бала марқұм полицейдің ұрпағы ғой, - дейді әйел.
Әйел марқұм күйеуінің соңғы жалақысының 40%-ы өмір бойына берілетін болса, ешқандай қаражат бермесе болатынын айтады.
«Жылына қарамай, алаламай… Жолдасымның мемлекетке деп берген 23 жылының құны не болды? Қаны мен жанын беріп кетті. Қалай бағаламайды?», - дейді әйел.