Дүбірлі дода биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасында Қазақстан спортшыларының қанша спорт түрінен бақ сынайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Франция астанасында өтетін жарысқа 205 мемлекеттен 10 мың 500 спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен бақ сынайды.
Бүгінде елімізде 22 спорт түрінен 78 лицензия бар. Оның ішінде бокстан 10 жолдама, дзюдадан – 8, күрестен – 7, оның ішінде грек-римнен – 4, еркін күрестен – 3, оқ ату, байдарка мен каноэда – 6, семсерлесу – 5 және тағы басқа спорт түрінен жолдамалар бар. Өкінішке қарай, биыл әйелдер күресі мен ауыр атлетикадан лицензия ала алмадық, - деді Ермек Маржықпаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сондай-ақ министр жолдамаға ие болған спортшылардың қай өңірлерден екенін айтты.
Қазір әлі 4 рейтингтік лицензиялық турнир бар. Онда 80-85 жолдама алып, Париж Олимпиадасына барамыз деп үміттеніп отырмыз, - деді ол.
Сонымен қатар Ермек Маржықпаев президенттің тапсырмасына сәйкес, Олимпиада ойындары үшін арнайы штаб ашылғанын атап өтті. Ол министрлік, Ұлттық Олимпиада комитетінің және федерациялар арасындағы жұмысты үйлестіреді.
«Қазір Ұлттық құрама қызу дайындық жүргізіп жатыр. Олимпиадада қанша медаль алатынымызды болжау өте қиын. Бірақ мемлекет (спортшыларға) бүкіл қажет жағдайды жасап отыр», - деп түйіндеді сөзін министр.