Мен ол кісіні аяймын. 30 жыл бойы супер мүмкіндігі болды...
Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов Есен Елеукеннің Youtube-арнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев пен оппозиция туралы пікір білдірді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде оған сын айта алмай, жағымпазданып жүрген адамдар сыншы болып кетті. Маған «қаңтардан бері Назарбаевты жапа-тармағай жамандап жатыр, сіз үндемей қалдыңыз» дейді. Мен ол кісіні аяймын. 30 жыл бойы супер мүмкіндігі болды. Қазақстан сияқты Менделеев кестесенің элементіне бай жер байлығымен 17 миллион халықты асырауға болар еді. Бірақ ол кісі пендешілік танытты», - дейді ол.
Айтуынша, кез келген тұлғаға баға бергенде, оны мақтау немесе даттау мүмкін емес. Адам – күрделі тұлға.
Кейбір ұлтшылдар айтқандай, Ресеймен ат құйрығын кесісе алмаймыз. 7500 шақырым ортақ шекарамыз бар. Жау қылсақ, соғыстың ортасында жүреміз. Кез келген адамның жақсылығына да, кемшілігіне де қарау керек.
Өкінішке қарай, 30 жыл бойы кемшілігін оппозиция айтты. Белгілі бір дәрежеде Қазақстанның тәуелсіздігіне, геосаяси жағдайына Назарбаевтың үлесі бар. Бірақ отбасы, таныстары, олигархтармен ауыз жаласуы да бар. Баға бергенде, мейлінше объективті баға беру керек», – дейді Әміржан Қосанов.
Сондай-ақ ол соңғы президенттік сайлауда өзіне берілген баға мен қаңтар оқиғасын салыстырмалы түрде айтып берді.
Сол кезде мен мойындамағанда, жұрт көшеге шығар еді. Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза тапты деді. Ол уақытта 2 мыңдай адам қырылар еді.
Мен өзімнің тарихи жауапкершілігімді сезіп, шешім қабылдадым. Қаңтардан кейін белгілі ақындар, жазушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері хабарласып, «Әміржан, елді құтқарып қалыпсың ғой» деді. Саясат деген өзіңді «герой» жасау емес. Ол – жауапкершілік. Жұрт саясаттың артында қауіп бар екенін түсінді», – дейді саясаткер.