×

«Қазақстанның туристік әлеуетін 30 жыл мақтағанымыз жетеді». Ғалым туризм неге құрдымға кеткенін айтты

Енді әрекетке көшетін кез келді, дейді маман

 Қымбат Елтайқызы 20.06.2024 | 14:53
коллаж: Halyq Uni

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізіп, осы саладағы көптеген проблеманы атады. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі Антарктидада Қазақстан туын алғаш тіккен cаяхатшы-географ, әдіскер-ғалым, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаевпен сұхбаттасып, туризмнің неге көш соңында қалғанын сұрастырған еді.

Атап өтсек, Мемлекет басшысы жиында еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады... Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз... Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша, еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады... Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Тоқаев.

– Орденбек Білісбекұлы, әңгімемізді Президент өткізген жиыннан бастасақ. Қандай ой түйдіңіз?

– Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқан сын-пікірлері өте орынды. Бірақ өкінішке қарай, осы кеңесте білім және ғылым саласының мамандары болмаған сияқты. Ал туризмге жаңа бағдар беру үшін ғылым бағытын да жолға қоюымыз керек.

Біз Қазақстанның туристік әлеуетін мақтаудан әлі шаршаған жоқ сияқтымыз. 30 жыл мақтадық, жетеді ғой. Енді сол әлеуетті, сол көрікті табиғатты, тарихи ескерткіштерді халық игілігіне жаратуымыз керек. Игілікке жаратып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеруіміз қажет. Сонда ғана елімізде әлеуметтік жағдай ретке келеді. Әлеуметтік жағдай реттелген кезде біздегі бұзақылықтар, түрлі келеңсіз жағдайлар мен тәртіп бұзушылықтар азаяды. Қазір балалардың да, ересектердің де арасында болып жатқан өрескел іс-қылықтардың бәрі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты. Сондықтан да осы жиынға қатысқан бүкіл құзырлы мекеме басшылары ойланатын шығар. Еліміздің өркендеуі тікелей сол кісілердің қолында.

– Туризм саласын зерттеп жүрген ғалымсыз, осы бағыттағы басты жетістіктеріңіз қандай?

– Мен балалар және жасөспірімдер туризмінен бастап кәсіби деңгейдегі автомототуризмінен ҚСРО чемпионатының күміс жүлдегері атағына дейін жеттім. Арасында республикалық туристер орталығында басшылық қызметте болдым. Біз ұзақ жылдар бойы елімізде балалар мен жасөспірімдер туризмін сақтау жолында күрестік. Нәтижесі жаман емес, қайта жаңғырып жатыр. Бұл сала қазір жергілікті әкімшіліктердің құзырында.

Сонымен қатар, бірқатар жоғары оқу орнында ұстаз, декан болдым. Туризм ол «туризмология» ғылымы бағытына жатады. Онымен географтар, педагогтер және экономистер айналысады. Қазір елімізде география және педагогика салалары бойынша кандидаттар мен докторлар бар.

Бұған қоса, менің Туризм және спорт министрлігіне айтарым бар. Бұл министрлік құрамында Туризм индустриясы комитеті бар. Ал айтыңыздаршы, индустрия қайда? Менің, болмаса басқа білікті мамандардың пікірімен әлі күнге дейін санаспаулары түсініксіз. Жоғарыда отырғандар бәрін біледі, өздері шешеді. Қайда сол шешімін тапқан мәселелер? Атап бере алар ма екен?

– 20-ға жуық экспедиция мен жорыққа қатысыпсыз, 660-тан астам жарияланымның авторы екенсіз. Еңбектеріңіздің ішінде өзіңіз үшін ең құндысы қайсы?

– Мен туризмді оқыту-тәрбие құралы ретінде пайдаландым. Жас кезімнен патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтарға бағытталған жорықтар, экспедициялар ұйымдастырдым. Ең танымалы - оңтүстік полюс Антарктидағы сапар. Ол Қазақстанның 20-жылдығына, алтыншы құрлықтың ашылуына 100 жыл толуына, отандық поляр стансасын ашылуына бағытталған болатын.

Екіншісі – «Шоқан жолымен» экспедициясы. Оның тәрбиелік мәні зор еді. Қазақтың біртуар азаматы Шоқан Уәлихановтың ғылым үшін сіңірген еңбектері жеткілікті. Оның жолдарымен өтіп шығу мен үшін үлкен құрмет болды. Қашғар сапарын Шоқанның жолдарының қорытынды есебі ретінде қарастырдық. Экспедиция барысында Махмұд Кашғари мен Жүсіп Баласағұни мазарланына барып, құнды деректер алдық. Осы Қашғар саяхатынан кейін «Ұлы Шоқанның керуен жолымен» атты танымдық оқу құралын үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығардық.

Мен Парижге дейін автокөлікпен жетуді көздеген 68 күндік экспедицияда да болдым. Осы сапарда 23 мемлекетте болып, құнды деректер жинағанымды мақтан тұтамын.

– Осы аталғандардың ішіндегі ең танымалы оңтүстік полюске жасалған Антарктида экспедициясы сияқты. Бұл ерекше сапардың ғылыми жетекшісі болыпсыз және де ол Гиннестің рекордтар кітабына еніпті. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған бұл сапар да нәтижелі болды. Мақсатымыз Қазақстанның тәуелсіздік мерейтойына орай алтыншы құрлықта қазақ туын көтеру, полюсті ашқан Руаль Амундсен, Роберт Скот ерлігіне тағзым ету және қар сынамасына зертханалық зерттеулер жүргізу болды. Ғылыми зерттеу мақсатында автомобильді қолдандық. Антарктидаға да автокөлікпен бардық. Бұл алтыншы құрлыққа жету, ғылыми-зерттеу жасау мақсатында автомобильді пайдаланған алғашқы қазақстандық экспедиция болды.

2011 жылғы 16-шы желтоқсанда біз оңтүстік полюсте Қазақстанның туын желбіреттік. Осы мақсаттарымыз үшін 108 сағат жол жүрдік. Бұл ғылыми-зерттеу экспедициясының Гиннестер кітабына енгені еліміз үшін зор мәртебе. Осы орайда сапарластарыма да айтар алғысым шексіз. Айта кететіні, біз кез келген экспедицияда еліміздің жалауын алып жүреміз. Бұл патриоттық сезімді оятатыны рас.

– Сіз республикамызда алғаш рет туризм мамандықтарын даярлау бойынша ғылыми тұжырымдама жасапсыз. Қазір туризм саласында білікті мамандар жеткілікті ме? Жеткіліксіз болса, бұл бағытта тағы қандай өзгеріс, жаңашылдық енгізуге болады?

– Менің зерттеулерімнің нәтижесінде алғаш рет 1992 жылы «Халықаралық туризм», «География және туризм» мамандықтары ашылған болатын. Бұның бір ерекшелігі, мысалы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мамандар ағылшын және түрік тілдерін қатар оқыды. Ал қазіргі маман даярлауға көңілім толмайды. Бұның себебі көп - оқу бағдарламаларының әлсіздігі, кей оқу орындарындағы оқытушылар құрамының сәйкес келмеуі, туризм мамандығының мемлекеттік классификаторда әлі де болса өз орнын таппауы, бағытының нақтыланбауы. Туризм тек қызмет көрсету саласы емес, ол пәнаралық байланыста болуға тиіс.

Гранттық зерттеулерде де туризм көбірек қарастырылса еліміздегі құнды зерттеулер қолданбалы сипатқа ие болар еді. Ғылыми-зерттеу орталықтарының, институттарының болмауы да қолбайлау болып отыр. Бұнымен қатар, зорға дегенде ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқу бағдарламасын қайта қарап, жетілдіру керек деп санаймын.

– Өзіңіз кезінде автомототуризммен айналысыпсыз. Автомототуризм болсын, басқа болсын, Қазақстанда спорттық туризмнің нақты қандай түрлерін дамытуға мүмкіндік бар?

– Егер де өскелең ұрпақ дені сау болып, салауатты өмір салтын ұстансын десек, спорттық туризмді қолға алуымыз керек. Мәселен, ат туризмін неге дамытпасқа? Өзім спорттық туризмнің көптеген түрімен айналысып көрдім. Соның ішінде автомототуризммен кәсіби деңгейде айналыстым. 1989 жылы ҚСРО чемпионатының күміс жүлдесін иелендім.

Оқу-ағарту министрлігі мектептерде туризм секцияларын қалпына келтіріп, дамытса, бұл үлкен оқу-тәрбиелік мәнге ие болар еді. Бізге балалар мен жасөспірімдер туризмі, жас техниктер, натуралистер қажет.

– Ал ғылым саласы Қазақстанда қалай дамыған? Дамыған деп ойласаңыз неліктен, ал кенжелеп қалды десеңіз неліктен екенін түсіндіріп өтсеңіз?

– Қазақстанның ғылым саласы көптеген қиындықты бастан кешті. Бірақ ғылым академиясы, салалық министрлік дұрыс жолға қояды деген үміт пен сенім бар. Қазіргі таңда Қазақстан ғылымына қомақты қаржы да, көңіл де бөлініп жатыр. Бірақ жақсы мониторинг жасалмай отыр. Гранттық, бағдарлы қаржыландыру көздеріне деген талап пен сұраныс қанағаттанарлық емес.

– Жалпы, туризмді дамытудағы ғылымның үлесі қандай деп есептейсіз? Бұл үлесті көбейту керек деп ойлайсыз ба?

– Әрине, туризмді дамытудағы ғылымның үлесі орасан зор. Бірақ, өкінішке қарай дәл қазір ғылымның қосып жатқан үлесі көп болмай отыр. Өйткені, мен жаңа жоғарыда айтқандай елімізде әлі де белгілі бір кедергілер бар. Ең бастысы, бізге ғылыми орта қалыптастыру керек, және де сол ортаны құру үшін барынша жағдай жасалуы қажет.

– Туристік маусым да келді, бірақ өкінішке қарай, Қазақстан көрші Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерден туризм саласында артта қалып отыр. Елімізде туризмді ойдағыдай дамытпай отырған басты себептер не деп ойлайсыз?

– Жуырда «2023 жылы Қазақстанға 9 млн турист келді» деген статистикалық мәлімет тарады. Мен өзім бұл дерекке сеніңкіремеймін. Қазірдің өзінде көрші елдерден келетін азаматтардың легі байқалады. Бірақ олардың барлығы турист емес. Мысалы, Қытайдан келген 80 адамды Астана, Алматы қалаларында өз жерлестері қабылдайды, аудармашы, экскурсоводтар да өздері, ал біздің туристік фирмалардың қабылдау үлесі өте төмен. 30 күндік еркін кіру визасы алдымен туристік топтарға берілуі керек болатын. Бұл механизм дұрыс құрылмады.

Жарайды туристерді тарттық дейік. Бірақ елорда мен Алматы теміржолының ішкі-сыртқы инфрақұрылымы адам шошырлық. «Астана-Алматы» және тағы басқа бағыттар бойынша көліктердің үнемі кешігуі, ұшақтардың уақытында ұшпауы, қонақүй, такси бағаларының «сұраныс бар» деген сылтаумен базар саудасына айналуы кез келген ел туризміне кері әсер етеді.

– Елдегі туризмге қатысты жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемаларды, мысалы, шұрық-шұрық жол, жолдағы сапасыз дәретханалар, туристік орындардың ластануы, демалыс орындарының алыс және жақын шетелмен салыстырғанда қымбат болуы неден деп ойлайсыз? Және, бұл мәселелерді шешуге ғылым қалай ықпал ете алады?

– Туризм саласы үшін 30 жыл аз уақыт емес. Басты себеп - Үкімет тарапынан дұрыс шешімдердің болмауы, құзырлы мекемелердің бірлесіп жұмыс істемеуі. Ішкі істер, сыртқы істер, білім, туризм және спорт министрлігі мен тағы басқа қатысы бар мекемелер ешқашан біріккен емес.

Көрші қырғыз, өзбек ағайындар мен қытайлардың тәжірибесін зерттеп, олардың бағыттарының дұрыстығына көз жеткіздік. Енді соларды неге пайдаланбасқа?

– Қазір шетелде туристер қомақты сома төлесе, ғарышқа да саяхаттай алады. Ғарышта қонқүйлер болады деген де ақпарат тарады. Қытай мен басқа көптеген елде жылдамдығы жоғары, өте ыңғайлы пойыздар, саяхаттауға арналған автоүйлер, робот-даяшылар іспетті қызмет көрсететін роботтар бар. Жапонияда ұшатын такси жасалып жатқаны да мәлім. Жасанды интеллект, түрлі сайт, қосымша, карта, әлемнің бүкіл тілін білетін пульт, тағысын тағы. Айта берсек, бұндай мысалдар өте көп. Осындай технологиялық жетістіктердің түбінде ұзақ жылғы зерттеу, сапалы ғылым жатқаны айтпаса да түсінікті. Осындай деңгейге жету үшін не істеу керек? Неге біз әлі «жол мен дәретхана» деңгейінен аса алмай жүрміз?

– Ащы болса да, шындықты айтайын. Бізді құртып жатқан - тендер, жемқорлық. Астанадағы LRT, «Астана-Алматы» тас жолы және республика ішіндегі басқа да жолдар сапасыз және олар қағаз жүзінде ғана бірнеше жыл бойы жөнделеді, салынады. Облыс орталықтарын жалғайтын әуе қатынасының шамадан тыс қымбат болуы, Алакөл, Балқаш, Камбас, Маркаколге жету проблемалары шешілмей ішкі туризм нарығы дами алмайды.

Қазақстандықтардың кемінде 60-70 пайызына ел ішінде демалуға жағдай жасалса, жақсы болар еді. Оқушылар мен студенттерге жылына бір не екі рет жол қатынасына, туристік орындарға баруына жеңілдіктер берілсе туристер ағыны пайда болады ғой. Бұл шаралар емдік-сауықтыру, спорттық, экологиялық, этнографиялық туризм салаларының дамуына жол ашар еді. Әзірге бұл - арман. Технологиялар керек-ақ, бірақ алдымен осы мәселелерді шешудің өзі оңай болмай тұр.

– Әр елдің бір ерекшелігі бар. Бір ел табиғатымен, екіншісі көне тарихымен, үшіншісі ұлттық киімімен, төртіншісі дәмді жеміс-жидегі, ұлттық тағамымен; бесіншісі дамыған шаһары, зәулім ғимараты, инфрақұрылымымен; алтыншысы жаңа ерекше технологиясы, көлік түрімен миллиондаған туристті тартады. Ал Қазақстанға нақты нені ерекшелеп, зерттеп, патенттеп, әлемге паш етіп, бренд жасап, туристерді қызықтыруға болады деп ойлайсыз?

– Неге еліміздің табиғи-мәдени мұралары табыс әкелмейді? Ұлттық парктеріміз, Марқакөл, Қамбаш көлдері - ақша әкелетін орындар. Марқакөлмен түспа тұс Қытай жерінде орналасқан Қанас көлі жылына 2,5-3 миллион турист қабылдайды. Маркакөл, Қатонқарағай, Берел неге 500-800 мың туристті тартпайды? Себебі тосқауылдар жеткілікті. Сервистік қызмет көрсету мен экскурсовод, гид тапшылығы - қолбайлау.

Біз соңғы жылдары ауыл туризмі, агротуризм мәселелерін көтеріп жүрміз. Осы туризм арқылы құрдымға кеткен 500-ден астам елді мекеннің біразын сақтап қалуға болар еді.

– Қорыта келгенде, сіздің ойыңызша, туризм саласын ғылым арқылы қалай дамытуға болады?

Ол үшін біріншіден, Туризм және спорт министрлігі жоғары оқу орындарының ғалымдарын жинап, қысқа мерзімді стратегиялық жоспар жасап, Үкіметке ұсынуы керек. Екіншіден, ғылымға құйылатын қаржыны мақсатты, бағдарлы жобаларға бөлу қажет. Үшіншіден, туризм индустриясын қолға алып, отандық туристік өнімдерді шығару керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама