Динара Зәкиева елімізде 12 мың бала маскүнем, нашақор, ойынқұмар ата-аналарымен өмір сүріп жатқанын растады
Елімізде күн сайын балаға қатысты 6 қылмыстық іс тіркеледі. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Сондай-ақ бала құқығына бағытталған бір жылда атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Динара Болатқызы, әңгімемізді педофилия, балаға қол көтеруге қатысты әлеуметтік желіде тарайтын ақпараттан бастасақ. Осындай жағдайға тап болған, ұшыраған балалар туралы деректі бірінші болып ресми органдар емес, түрлі қор, жекелеген белсенді азаматтар хабарлайтынын біліп, көріп жүрміз. Не себепті мұндай жағдай қалыпты болып кетті?
– Қазақстанда күніне балаға қатысты 6 қылмыстық іс тіркеледі. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде оның аз бөлігі ғана шығады. Қылмыстық істер бойынша тергеу кезінде кейбір деректерді жариялауға болмайды. Сондай-ақ ақпараттың жан-жақтан жарияланып жатқаны сол жәбірленген балаға психологиялық соққы ретінде тиеді, басқалар тарапынан буллингке әкелуі мүмкін.
– Неге азаматтар мұндай қылмыстық құқық бұзушылықты ресми органға, сіздерге емес, жекелеген азаматтарға хабарлайды? Бұл жерде сенім мәселесі немесе ақпараттандыру мәселесі бар ма?
– Мұндай қылмыстар – латентті, оларды анықтау өте қиын. Халықаралық статистикаға сәйкес, әлемде жәбірленушілердің тек 40 пайызы көмекке жүгінсе, ал 10 пайызы ғана полицияға жүгінеді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі ең төмен елдерде зорлық-зомбылық оған нөлдік төзімділік пен кез келген зорлық-зомбылық оқиғасы туралы хабарлаудың арқасында төмендеді деп саналады.
Сол себепті елімізде қазан айында 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы - сенім телефоны ашылды. Ол тәулік бойы жұмыс істейді, қоңырау шалу тегін. Біз бұл нөмір туралы ақпаратты әр мектепте, қоғамдық орындарда іліп қойдық. Мектеп қызметкерлері, емхана қызметкерлері арқылы да көп анықталып жатады.
Сонымен қатар әр облыста балалар арасындағы суицидтік көңіл-күйді, зорлық-зомбылықты бірыңғай тәсілмен анықтайтын, қауіпсіздікті және барлық мектеп психологтарының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ететін Психологиялық қолдау орталықтары ашылып жатыр.
– Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалғаныңызға бір жылдан асты. Бала құқығына қатысты қандай өзгерістер бар? Әйелдер мен балалардың құқығына қатысты заңға президент қол қойды. Соның ішіндегі бала құқығына қатысты нақты өзгерістерді атап өтсеңіз.
– Осы бір жылда Президент тапсырмасымен елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмысын бастады, «Қазақстан халқына» қоры 67 әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырып жатыр, ауылдарда, аудандарда 11 оңалту және аутизмі бар балаларған арналған 6 орталық ашылды.
Менің Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде жұмысыма келсек, бір жылдың ішінде президент тапсырмасы бойынша 4 бағыт бойынша жұмыс істедім. Біріншіден, мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, мемлекеттік кеңесшінің қолдауымен балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа қатысты заңға өзгерістер енгізетін заң жобасын әзірледік. Сосын оны мәжіліске, бас прокуратураға таныстырдым. Олардың толықтыру, қолдауымен бұл заң жобасы 15 сәуірде қабылданды. Заңда отбасы, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, алдын алу шараларын енгізу, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуға, зорлық-зомбылықты криминализациялауға бағытталған 70-тен астам түзету бар.
Екіншіден, мемлекет басшыны тапсырмасымен 111 мемлекеттік сенім телефонын ашумен айналыстым. Қазірге дейін сенім телефоны 13 мың өтініш бойынша жұмыс жүргізді. 415 хат бойынша жұмыс жүргіздік.
Сонымен қатар 252 балаларға арналған мекеменің жағдайын жақсарту үшін аймақтармен үш жылдық жоспар құрдық. Оның ішінде интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер бар. Қазір 21 интернат пен 2 медициналық-әлеуметтік мекемелерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған қоса, отбасын қолдау орталықтарын, психологиялық қолдау орталықтарын ашудың жоспарын құрдық, яғни 2 жылдың ішінде олар барлық ауданда ашылады.
Аймақтармен, «Қазақстан халқына» қорымен, «Самрұқ-Қазына», Қамқорлық қорымен бірге церебральды сал ауруы (ДЦП) бар балаларға арналған 11 оңалту орталығын және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталық аштық.
Іссапармен 10 аймаққа бардым. Кейбір қылмыстық істер бойынша, мекемелерді тексеру үшін, су тасқынынан, өрттен зардап шеккен отбасылармен кездесу үшін, жағдайларын тексеру үшін барып қайттым.
Қамқоршылық органдарының мамандарының санын арттыру үшін президент тапсырмасымен заңға өзгерістер енгізу үшін Оқу-ағарту министрлігімен бірге заңға тиісті түзетулер дайындадық. Қазір олар қорытынды шығару үшін үкіметте қаралып жатыр. Мысалы, қазір Шымкент қаласындағы 485 мың балаға 5 қамқоршылық қызметкері ғана бар, яғни бір қызметкерге 90 мың баладан келеді.
Түзетулерді енгізу халықаралық нормативті бекітуге мүмкіндік береді: 1 қызметкерге 5 мың бала, яғни Шымкентте 5 емес, 90 қызметкер болады. Өзгерістер осы жылы қабылданады деп үміттімін.
– Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи Halyq Uni ақпарат агенттігіне берген сұқбатында елімізде 12 мың бала маскүнем, нашақор, ойынқұмар ата-аналарымен өмір сүріп жатқанын айтты. Бұл балалармен, олардың ата-анасымен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Бақылау қалай жүргізіледі?
– Рас, қазір 12 мың бала қолайсыздық бойынша есепте тұрған отбасыда тұрады. Олар ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды және қажетті профилактикалық шаралар жүргізеді. Себебі мемлекеттің мақсаты отбасын барынша сақтап қалу.
– Қазір баланы ата-анасынан тартып алу туралы айтылып жүр. Жалпы баланы ата-анасынан тартып алудан не «ұтамыз»? Қай жағынан «ұтыламыз? Бәрібір ата-ананың мейірімі, оның жанында жүргенінің өзі баланың психологиясына әсер ететіні белгілі. Баланы тартып алу арқылы тағы бір балалар колониясын құрып алмаймыз ба?
– Бұл заңда балаларды алып қоюға қатысты бір де бір өзгеріс жоқ. Баланы алып қою үшін негіздер «Неке және отбасы туралы» кодексте бекітілген және 2011 жылдан бері қолданылып келеді.
– Елімізде педофилия құрбаны болған баланың аты-жөні жасырын қалуға тиіс. Алайда кей жағдайда жоғарыда айтылған әлеуметтік желі арқылы немесе басқа да жолмен баланың аты аталған жағдай кездесті, кездеседі. Бұл – буллинге апаратын тікелей жол. Яғни, өмір жолында алдынан шыға береді. Неге осы бағытта қатаң бақылау жасалмайды? Әлде қандай шаралар қабылданып жатыр? Құзырлы органдармен бірлескен жұмыс нәтиже беріп жатыр ма?
– Дұрыс айтасыз, бала құқықтарын қорғау кезінде ең алдымен балалардың мүддесін ескеру маңызды. Зардап шеккен баланың жеке басын мүмкіндігінше қорғау керек. Яғни, барлық көмек пен шараларды оның мүдделері төңірегінде құру, баланың пікірін ескеруіміз қажет. Бұл ретте балаларды ақпараттық қорғауды қамтамасыз ету де маңызды.
Өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілердегі авторлар кейде балалардың жеке ақпаратын жариялау арқылы, оқиғаларды сенсациялау арқылы баланың өзіне және оның отбасына зиян тигізуі мүмкін. Бұл ретте журналистік және жалпы азаматтық этиканы сақтау дұрыс деп санаймын.
Біз бұндай фактілер бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігімен жұмыс істейміз, фактілерге назар аударып, ресми өтініш жолдаймыз. Қажетті шараларды уәкілетті органның өзі қабылдайды.
– Кеше президенттің қабылдауында болдыңыз. Мемлекет басшысы нақты қандай тапсырма берді?
– Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтты. Сонымен қатар балалар мен жөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды және балалар травматизмі мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұл бағытта біз мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатырмыз.
Суицидтің алдын алуға келсек, жақында қабылданған заңға сәйкес әр облыста Психологиялық қолдау орталықтары ашылады.
Олардың міндеті – балалар арасындағы суицидтік көңіл күй мен мектептегі зорлық-зомбылықты анықтау және көмек көрсету бойынша бірыңғай тәсілді енгізу.
– Балалардың құқықтық сауатын көтеру бойынша нақты жұмыс жоспарларыңыз бар ма?
– Құқықтық сауаттылыққа байланысты Оқу-ағарту министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Осы күзде, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап мектептер мен колледждерде қауіпсіздік сабақтары енгізіледі.
15 минуттық «Жеке қауіпсіздік» сабақтарының негізгі мақсаты – оқушылардың әртүрлі ықтимал қауіпті жағдайларда тұрақты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және балалардың қылмыс жасауының алдын алу.
Оқу-ағарту министрлігі сабақты өткізудің арнайы әдістемелерін әзірледі. Мұғалімдер интерактивті әдістерді, соның ішінде рөлдік ойындарды, кейс және пікірталасты қолданып, сабақтарды балаларға мүмкіндігінше пайдалы және қызықты етіп өткізетін болады. Біз сабақ мүмкіндігінше қарапайым болғанын және үнемі қайталанып отырғанын қалаймыз. Бұл сабақтар балаларды олардың қауіпсіздігі үшін қажетті маңызды білім мен дағдылармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Әр тақырып кем дегенде екі рет қайталанады және әр жас санатына олар үшін өзекті мәселелер қарастырылады. Жалпы сабақтар балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алуды, сондай-ақ балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтиды. Жоғары сыныптарда заңдарды білуге, заңсыз әрекеттер үшін қандай жауапкершілік күтіп тұрғанын түсіндіруге ерекше назар аударылады.
– Сондай-ақ президент жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй бөлу мәселесін де көтерді. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылады? Қазір елімізде осы санатқа кіретін қанша бала бар?
Парламентте бұл мәселені шешуге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Қазір үйге кезекте 62,5 мың жетім бала немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұр. Оларға тұрғын үй бөлудің негізгі проблемасы – балалардың кезекте тұрғын үй салынбай жатқан аудандарда тұруы. Президент тапсырмасымен бұл заңда бұл мәселе шешіледі. Онда балалар өз облысының басқа аудандарына өз кезегін жоғалтпай кезекке тұра алатын норма қарастырылған. Сол себептен енгізіліп жатқан норма бұл мәселені шешуге тиіс.
Жалпы тапсырмаға сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да механизмдері қаралады.