Мұндай сот процесі жастарға үлгі болуға тиіс
Елімізде синтетикалық есірткі, психотропты заттарды сатқандардың қалай сотталатынын тікелей эфирден көрсету керек. Бұл туралы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол елімізде синтетикалық есірткі сату дерегі жиі тіркелетінін, оларды көбіне жастар жасайтынын жеткізді. Сондықтан мұндай қылмысты азайту үшін сот процестін тікелей эфирден көрсету қажет.
Менің ойымша, психотропты заттарды заңсыз сату дерегі бойынша істерді тікелей эфирден көрсету керек. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, көптеген жас осындай қылмыстарға барып жатыр. Сондықтан қылмыстарды азайту үшін тәрбие мақсатында осындай процесті (тікелей эфирден) көрсету керек, - деді Назгүл Рахметуллина Мәжіліс кулуарында.
Бұған дейін Қазақстанда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі тікелей эфирден көрсетілді. Экс-шенеунікке әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылған еді. Соттың үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.