×

Жоғарғы сот шешімдеріне халық тарапынан шағым көп – Сайыров

Заң жобасы елімізде кассациялық соттарды құруды көздейді

 Дәурен Ерболат 19.06.2024 | 12:12
фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында депутат Ерлан Сайыров cот шығарған шешімдердің халық көңілінен шықпай жататынын жеткізді. 

Бұл заң арқылы кассациялық қараудың алдында алдын ала қарау кезеңін алып тастау ұсынылып отыр. Дәл осы мәселе азаматтардың ашу-ызасын тудырады. Өйткені Жоғарғы соттан әділеттілік таба алмаған азаматтар бізге – Мәжіліске, Президент әкімшілігіне келіп жүгінеді. Қазір мұндай азаматтар өте көп. Осы заң қабылданғаннан кейін азаматтардың Жоғарғы сотқа шағымдары тоқтай ма, әлде жалғаса бере ме? Шынын айту керек, жеке билік тармағы болса да бүгінде сот жүйесіне және ең негізгісі, Жоғарғы соттың шешімдеріне халық тарапынан шағым көп. Өйткені соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз. Біз әділеттілік орнатымыз ба, әлде бұрынғыдай халықты әуреге сала береміз бе? - деді ол.

Бұл сұраққа депутат Үнзила Шапақ жауап берді.

Заң жобасында істі алдын ала қарау немесе іріктеу кезеңі алынып тасталды. Мұнда біз неге азаматтардың наразылығына тап болдық деген сұрақ туындайды. 2016 жылы 5 сатылы сот төрелігінен 3 сатылы сот төрелігіне көшкен кезде кассация айтарлықтай қысқартылды. Мемлекет басшысы қазір жалпы істің 5 пайызы ғана кассациялық сатыға жететінін айтқан еді. Осы тұрғыда халық осы соттарға қолжетімділіктің жоқ екенін айтып, мәселе көтеріп отыр. Сондықтан біз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға толыққанды кассация сатысын ұсыну мәселесін көтеріп, (істерді) жаппай кассацияға жіберуді ұсынып отырмыз, - деді депутат.

Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов кейбір жағдайда халықтың көңілі соттың шешіміне толмай жататынын мойындады.

Жалпы кассация қажет. 2016 жылы қабылданып, заңға енгізілген өзгерістер мен қолданыстағы заңдар кассациялық істердің (сотқа) келуін шектейді. Сондай-ақ судьялардың азаматтық істер бойынша, мысалы, дара үштікпен қаралған облыстық соттың актілеріне баға беруі үнемі сынға ұшырайды. Оны біз мойындаймыз. 2016 жылғы реформа тиімсіз жерін көрсетті. Соны дұрыстау керек. Жалпы кассация өткен кезде барлық іс алқа мен үштікпен, яғни ең кемінде 3 судьямен қаралады. Алдын ала тыңдауды қылмыстық және азаматтық істерден алып тастаймыз. Қазір бізде (бұл норма) әкімшілік істерде қолданыста бар, - деді Жоғарғы сот өкілі.

Сондай-ақ Нұрсерік Шәріпов арыз-шағым мәселесіне тоқталды.

«Мысалы, мен басқарып отырған Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасында біз соңғы 3 жылдың ішінде жоқ дегенде 240-270 мың шешім шығардық. Аппеляциядан өткен істер шағымданған кезде жоғарыда айтылған шектеу тұр. Сол шектеуді алып тастағанда жалпы кассация толыққанды жұмыс істейді. Енді арыз-шағым мүлде болмайды, күрт өзгереді деп айта алмаймын. Ондай уәде бере алмаймын, бірақ міндетті түрде (сотқа түсетін шағымдар) төмендейді... Сондықтан арыз-шағым жойылады деген әңгімеден аулақпын. Бірақ жағдай дұрысталады, сот төрелігіне қолжетімділік шынайы деңгейде болады деген сенімдеміз», - деп түйіндеді сөзін төраға.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама