Halyq Uni логотип
×

Шахматшы Қазыбек Нөгербек: «Тамыз айында Магнус Карлсенді жеңемін»

Жастар арасындағы әлем чемпионы батыл мәлімдеме жасады

 Дастан Жұмабекұлы 19.06.2024 | 10:17
Шахматшы Қазыбек Нөгербек: «Тамыз айында Магнус Карлсенді жеңемін»
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ұжымы мен студенттері осы білім ордасының студенті, 20 жасқа дейінгі шахматтан әлем чемпионы Қазыбек Нөгербекпен кездесті, деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Қазыбек Нөгербек – академияның студенті ғана емес, оның мақтанышы. Кездесу сұрақ-жауап пішінінде болды. Осы басқосуда жастар арасындағы әлем чемпионы батыл мәлімдеме жасап, алдағы уақытта Норвегияның шахматшысы, әлемнің 16-әлем чемпион (2013—2023), шахматтың классикалық, рапид және блиц түрлерінен әлем чемпионы Магнус Карлсенді жеңетінін айтты. Егер оның ойы іске асса,  Қазыбек Нөгербектің жеңісі бүкіл елімізге үлкен абырой әкеліп, мерейімізді өсіретіні сөзсіз, – делінген хабарламада.

Қазыбек Нөгербек жақында Үндістанның Гандинагар қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды.

Ол классикалық шахматтан 11 турдан кейін 8,5 ұпай жинады. Қазір Қазыбек Нөгербектің FIDE-дегі рейтингі – 2501.

Нөгербек инновациялық білім беру бағдарламасында шахматтан педагог-жаттықтырушы мамандығы бойынша оқиды. Бұл жеңіс шахматшыға алтын медаль ғана емес, Әлем кубогына жолдама да алып берді.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшыға құттықтау хатын жолдады.

Ел намысын қорғап, үздік шахматшы ретінде гроссмейстер дәрежесін иеленіп, әлем чемпионы атану – зор жетістік. Ұлтымыздың абыройын асқақтататын өзің сияқты алғыр да ақылды ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да жарқын жеңістерге және арман-мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін, – делінген жеделхатта.

Қазыбек Нөгербек осыдан екі жыл бұрын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы әлем чемпионатында рапид пен блицте чемпион атанған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама