ҰҚК экс-төрағасы 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді
Бұған дейін 18 жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің ҚР президенті атына рақымшылық жасау туралы өтінішхат жолдағаны хабарланды.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Мәжіліс депутаттары рақымшылық жасау туралы өтініш берген Кәрім Мәсімов туралы ойын ортаға салды. Депутат Абзал Құспан осыдан бірнеше жыл бұрын рақымшылықпен түрмеден босап шыққан Қуандық Бишімбаевтың оқиғасын мысалға келтіріп, соңы немен аяқталғанын атап өтті.
Депутат Ерлан Сайыров 18 жылға бас бостандығынан айырылған Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасауға болмайтынын, ертең ол мемлекетке тағы да қауіп төндіретінін айтты.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
- Бұл ресми пікір емес, жеке ойым. Біріншіден, Отанға опасыздық жасады деген бап бойынша сотталған адамға ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Екіншіден, қазір әлемде геосаяси жағдай өте күрделі. Мысалы, бүгін олар рақымшылыққа ілігіп, ертең шетел асатын болса, олардың Қазақстан мемлекетіне қарсы жұмыс істемесіне кім кепіл? Мысалы, Кәрім Мәсімовтің қаржысы қайтарылған жоқ. Олардың миллиардтаған доллары шетелдегі банктерде жатыр. Өте бай адамдар. Менің ойымша, бұл жерде мәселені жіті қарау керек. Мемлекет мүддесі тұрғысынан шешім қабылдау керек.
Олжас Құспеков, Мәжіліс депутаты:
- Бұл ақпаратты әлеуметтік желіден естідім... Рақымшылық беруге бола ма, болмай ма, оны президент шешеді. Бірақ мәселеге жеке ойымды қосайын. Ол – мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтқан адам. Ондай адамға рақымшылық жасауға болмайды деп ойлаймын.
Айгүл Құспан, Мәжіліс депутаты:
- Рақымшылық жасау мәселесін Президент шешеді. Арнайы комиссия болады. Меніңше, рақымшылық туралы айтуға әлі ерте. Оның сотталғанына көп уақыт болған жоқ, сондықтан рақымшылық сұрау үшін белгілі бір уақыт керек деп ойлаймын.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:
- «Ескі Қазақстан» тұсында президент жанынан құрылған комиссия бар. Ол өте жақсы жұмыс істеді. Мысалы, көп адам мұны біле бермейді. Негізі, Қуандық Бишімбаев алдыңғы ісінде сот арқылы емес, президенттің осы комиссиясы арқылы (бостандыққа) шыққан еді. Сот оған 10 жыл жаза кесті. Бірақ бір жылдан соң президент (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) кешірім беріп, шығарып жіберді. Бұл осы жолмен жасалған әрекет болатын. Бұл қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс және басқа заңдармен реттелмеген. Бұл – президенттің жанындағы комиссияға берілген ерекше өкілет.
Бірақ дұрысын, әділін айту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып келгелі бері бірде-бір шенеунікке рақымшылық жасаған жоқ. Сондықтан бұл жолы да Кәрім Мәсімовке ондай жеңілдік қарастырылады деп ойламаймын.
Ерболат Саурықов, Мәжіліс депутаты:
Қаңтар оқиғасы бәрімізге белгілі. Қоғам арасында бұл көп талқыланды. Бірнеше азамат қылмыстық істер бойынша сотталып, жазаға тартылды. Бүгінде бұрынғы премьер-министр, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы президенттен рақымшылық жөнінде өтініш жолдаған болатын. Қаншама адам қаза тауып, тарихымызға таңба болып қалды. Енді сот сол азаматты осы оқиғалар бойынша кінәлі деп тапса, мұнда рақымшылық жасаудың қажетті жоқ деп ойлаймын. Бұл – менің жеке азаматтық ұстанымым, жеке көзқарасым.
Максим Рожин, Мәжіліс депутаты:
- Ол туралы естідім. Біз бұл шешімді депутаттар қабылдамайды. Шешімді қабылдайтын мекеме мен азаматтар бар. Менің ойымша, әр адам өзінің құқығын пайдалана алады. Үлкен қайғылы оқиға болып, онда қайтыс болған азаматтардың санын білгеннен кейін, мұнысы орынсыз шығар деп ойлаймын. Бірақ ешбір адам өзін толық кінәлімін деп санамайды. Мұндай психологиялық фактор да бар. Бәлкім, мәселеге өзінің көзқарасы бар шығар. Мен оны білмеймін.
Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:
- Мораль, этикадан бұрын ең бірінші заң қағидаттары сақталуы керек деп ойлаймын. Осы тұрғыдан Кәрім Мәсімов билікпен келісімге келіп, Қаңтар оқиғасының негізгі авторларын атайтын болса, қандай жағдайда, қалай ұйымдастырылғанын айтса, бәлкім, осы тұрғыдан билікпен келісім жасалуы мүмкін.
Ол – ескі Қазақстан активтерін сыртқа шығаруға қатысқан бірінші адам. Ол премьер-министр болып тұрғанда, тіпті, «Халық банк» төрағасы болып тұрған кезден бері активтердің заңсыз шығуына тікелей қатысқан тұлғалардың бірі. Меніңше, оған рақымшылық жасалатын болса, онда активтердің транзакциясын қайтару мәселесіне көмегі тиеді деп ойлаймын.
Халыққа, бюджетке тиімділік тұрғысынан қарайық. Ол қай жерде қандай ақша тығылғанын біледі. Әсіресе, оңтүстік-шығыс Азияға жіберілген ақша, Шанхай биржасы, Гонконг, Қытай арқылы кеткен көп активтің схемасы мен жолын біледі. Осы тұрғыдан билікпен ымыраға барса, оны түсінуге болады. Оның 18 жыл түрмеде жатқанынан гөрі миллиардтаған қаражаттың елге қайтқаны әлде қайда тиімдірек. Ол соған көмектессе, онда мен рақымшылықты түсінемін. Кәрім Мәсімовтың 18 жыл қақталып, түрмеде жатқанынан халыққа келер ешқандай пайдасы жоқ.