Қазір бізде судьялар үшін 350-ден аса бос жұмыс орны бар
Депутаттар жалақысы жоғары болса да судьялар шалғай ауданда неге жұмыс істегісі келмейтініне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір Қазақстанда 350-ден аса судьяның орны бос тұр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бүгінде судьялардың материалдық жағдайы мәз емес екенін атап өтті.
Біз бен сіз ойлағандай, судьялардың жағдайы мәз емес. Олардың жалақысы бір кезде жақсы көтерілді. Кейін инфляция салдарынан қайтадан аз болып қалды. Оларды материалдық және тұрғын үймен, көлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей жатыр, - деді ол.
Ал сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бұл пікірмен келіспейді.
Жалақымен қамтамасыз ету мәселесіне пікір білдірейін. Олардың жалақысы 300 мың теңге дегенге келіспеймін. Себебі аудандық судьялардың жалақысы 700-800 мың теңгеден басталады. Елімізде Еңбек туралы заңға сәйкес судьяларды қамтамасыз ету ерекше қаралған, - деді сенатор.
Сондай-ақ депутат жалақысы жоғары болса да судьялардың шалғай ауданға неге барғысы келмейтініне қатысты пікір білдірді.
Шалғай аудандарға олардың бармауы әлеуметтік пакеттің аздығынан емес, тұрмыстық жағдайға байланысты. Ол жаққа барғанда тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді. Бүгінде осындай мәселе туындап отыр. Қазір бізде судьялар үшін 350-ден аса бос жұмыс орны бар. Оның ішінде тек 20 орын – шалғай аудандар мен аз қамтылған соттарда.
Бүгінгі (Парламенттің бірлескен отырысында қаралған «Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстанның Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасындағы) нормада біз судьяның кандидатурасын анықтап, ұсыныс беретін Жоғарғы сот кеңесінің құқығын сәл кеңейттік. Осылайша, шалғай аудардар мен аз қамтылған соттардың құрамына кандидатураларды ұсынған кезде талаптарды қалдырып, конкурс өткізбей-ақ (судьяны) ұсыну мәселесі қаралып отыр. Осылайша, бос орындарды толтыру қажет», - деді Нұрлан Бекназаров.