Halyq Uni логотип
×

Алаяқтық, балаға қарсы әрекеттер: судья соттағы заң үстемдігі туралы айтты

Айгүл Мәлікова – Алматы қаласы Медеу аудандық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы

 Халық үні 11.03.2024 | 11:36
Алаяқтық, балаға қарсы әрекеттер: судья соттағы заң үстемдігі туралы айтты
Фото: gov.kz

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастардың қылмыстық құқық бұзушылыққа баруының алдын алу үшін Үкімет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Мұндай пікірді Алматы қаласы Медеу аудандық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Айгүл Мәлікова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni

Криминологияда құқық бұзушылықтың алдын алу деген заң бар. Тура осы іспеттес жас балаларға қатысты бағдарлама дайындауымыз қажет. Бізде бала құқықтарын қорғау саясаты бар. Жас балалармен жұмыс істейтін орталықтар дамыған. Бұл жерде заңгерлер ғана емес, психолог, құқық қорғау органдары мамандары жұмыс істеуі керек. Бәрі бірге отырып бағдарлама не заң әзірлеуіміз қажет. Заңнан бұрын әке-шешеменен тәрбиені бастау керек. Қазір шығып жатқан коучтар баламен жұмысты қолға алса деген тілек бар. Өйткені қазір қоғамда бала мен ата-ананың аражігі ажырап кетті. Балалардың жаман қылыққа баруы, нашақорлық, алаяқтық әрекеті тағы бар. Қазір алаяқтықтың «құрбаны» болып жатқан әрбір екінші адам – 2-3 курс студенттері, - дейді судья Айгүл Мәлікова.

Сондай-ақ судья сотталушыға үкім шығару барысында ескерілетін жайттарға да тоқталды.

Сотталушыға жаза тағайындау бөлек әңгіме. Жазаға дейін «ол бұл қылмысқа не себепті барды?», «не итермеледі?», «қандай себеп-салдар пайда болды?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Әрбір сотталушының жеке басын қараған кезде оның жас кезінде зәбір көргеніне куә болдым. Аса қатыгездікпен адам өлтіру қылмысын алайық. Ол жерде де әкесі баласын, баласы әкесін өлтірген қылмысты қарадым. Сонда «өз әкесіне деген жек көру сезімі қалай пайда болды?» деген сұрақ туындады. Жеке басына қарап сараптама-талдау жасаған кезде ұққаным – жас кезінде әкесі баласын арбаға салып, қамшымен дүре соғып, қатыгездікпен өсірген. Бала мен әкенің арасында ешқандай сүйіспеншілік қарым-қатынас болмаған. Әрбір ата-ана өзінің баласына деген махаббат, сүйіспеншілігін ашық көрсетуі керек. Қазір әрбір ата-ананың басында несие бар, балаға сүйіспеншілік көрсетуге уақыты жоқ. Үйде «айналайын» деген сөзді естіп өскен бала сыртта қылмыстық әрекетке бара салмайды, - дейді Медеу аудандық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Айгүл Мәлікова.

Айта кетейік, 2023 жылдың 8 желтоқсанындағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы бекітілген. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасын енгізу; аудан орталықтарында және шалғайдағы елді мекендерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсету бойынша тұрақты жұмыс істейтін мамандандырылған орталықтардың санын көбейту бастамалары бар. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама