Талапкер тестілеу өтетін ғимаратқа кіргеннен кейін ғана қай орынға отыратынын біле алады
Қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты даудан кейін ҰБТ-ға талапкердің орнына бөгде тұлға кірмеген. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызы «Халық үні» YouTube каналына берген сұқбатында айтты.
Айта кетейік, 2021 жылы белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат тарады. Оқиғаны Астана қаласы полициясы растап, оқиғаның 13 маусымда болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ 22 жастағы күдікті ұсталған.
Кейіннен күдікті өзіне тағылған айыпты мойындап, бір жылға бас бостандығы шектелді.
Наужан Әбдісатарқызының айтуынша, сол жағдайдан кейін тестілеуге кіретін кездегі тексеру күшейтілген.
ҰБТ-ға талапкердің орнына кіру дерегі 2021 жылдан бері анықталмады. Қазір ҰБТ тапсыруға кірген әр бала қай жерде отыратынын ішке кіргеннен кейін ғана біледі. Face ID-дан өткен кезде баланың қай орынға отыратынын көрсетеді. Талапкер өзінің емес, басқаның орнына отырып алса, тестілеу басталмайды. Ол жерде екінші Face ID бар, - дейді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары.
Азаматтың ішкі істер министрлігінің базасындағы фотосы мен тестілеуге кірген кездегі фотосы салыстырылады. Талапкердің тестілеуге өзі келгеніне көз жеткізген соң ғана сұрақтар көрсетіледі.
Оқушы тестілеуді аяқтамастан бұрын қарапайым сұрақтар экранға шығады. Сол сұрақтарға жауап бергеннен кейін ғана тестілеу аяқталады. Бұл «тестілеу өзі аяқталды», «байқамай басылып кетті» деген сынды пікірдің алдын алу үшін жасалған.
Жыл сайын өзгеріс енгізіледі деп жатады. Негізі айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек бар ережені жетілдіру. Биыл ҰБТ-дан кейін «қандай жағдайда шешім қабылдау қиынға соқты?» деген сұраққа жауап іздейміз. Тыйым салынған заттар да бар. Бұрын құлаққап болса, қазір микро нұсқасы шықты. Яғни, микроқұлаққап тыйым салынған заттар санатына енгізілуі мүмкін, - дейді Наужан Әбдісатарқызы.
Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көруге болады.