Halyq Uni логотип
×

«Құжатқа қол қойғаным рас»: «Болашақ» экс-президенті бағдарлама төңірегіндегі дауға қатысты сұқбат берді

Жанболат Мелдешов «Халықаралық бағдарламалар орталығын» 2016-2019 жылдары басқарды

 Айгерім Таубай 07.06.2024 | 11:30
«Құжатқа қол қойғаным рас»: «Болашақ» экс-президенті бағдарлама төңірегіндегі дауға қатысты сұқбат берді
Коллаж Halyq Uni

«Болашақ» бағдарламасы төңірегінде туған дауға қатысты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бұрынғы президенті Жанболат Мелдешов пікір білдірді. Ол «Голос народа» YouTube каналына берген сұқбатында елде бұдан да басқа маңызды мәселе бар екенін алға тартты.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Журналист Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен 24KZ телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Валерия Гавриленкоға кепіл болған. Содан кейін қос журналист 2021 жылы Гавриленконың кепілге қойған екі пәтерін кепілден шығарып алғанын білген.

Іс барысында Гавриленконың екі пәтерді 2019 жылы кепілден шығарып алғаны, оқудың ақысын толық төлемегені анықталған. Алайда өзі шетелге көшіп кеткен.

2024 жылдың 4 маусымында Астана сотында азаматтық іс апелляциялық сатыда қаралды. Сот отырысында «Болашақ» орталығы өкілдері туындаған дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат берді. Істі қараған сот алқасы талап арыз берушінің өтінішін қабылдады.

«Болашақтың» заңсыз берген екі үйіне біз жауап беруге міндетті емеспіз. Неге «Болашақ» өздерінен кеткен олқылықты мойындағысы келмейді. Неге әлі күнге дейін екі пәтерді қайтаруға әрекет етпей отыр? Болжамымыз бойынша, жемқорлыққа жол берген бір де бір шенеунік қылмыстық, дисциплинарлық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұл – әділетсіз, - дейді Мақпал Дәрібаева.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Жанболат Мелдешов Валерия Гавриленконың мүлкін кепілден шығару туралы құжатқа қол қойғанын айтты. Алайда күніне жүздеген құжатқа қол қойғанына назар аударды.

...Гавриленко қарызын төлеп отыр. Кепілгерлер де қандай да бір сома төлеуге дайын. Техникалық мәселе. Келіссөз өткізіп, тиісті құжатқа қол қойсын. Мәселе осымен жабылады. Орталықтың қызметкерлері немесе министрліктің бұл жағдайды қиындатып жібергені маған түсініксіз (...). Гавриленко мәселесін бәрі құлшыныспен талқылап жатыр. Бұл жағдайға уақыт бөліп, талқылауды ұят санаймын. Иә, техникалық мәселе туындады. Мен ол құжатқа қол қойдым, ол рас. Менің осы бағыт бойынша орынбасарларым, департамент директорлары, бас менеджер, менеджерлер болды. Олар бәрі қол қойған. Ол құжат менің үстеліме келді. Ай сайын осындай мың құжат келетінін айтып өтейін. Құжатпен танысып шыққандарды тексеремін де, қол қоямын. Болды, - дейді Жанболат Мелдешов.

Ол орынбасарларына күмәнмен қарауға, оларға сенбеуге ешқандай негіз болмағанын айтады.

...Гавриленконың жасағаны дұрыс болмады. Өзіне кепіл болғандарды, өзін және ата-анасын ұятқа қалдырды. Оны туыстары да талқылап жатқан болар. Ол өзінің беделіне зиян келтірді. Ол орталықтың президенті болған, құжатқа қол қойған маған зиян келтірді. (...) Гавриленко ешкімнен ақша ұрлаған жоқ. «Болашақ» бойынша оқып келді. Әрі қарай талапты орындамай қашып кеткісі келді. Шетелге кетемін деп шешті. Ол қазір төлеп жатыр. Ол шәкіртақыдан қағылды. Осы жерден тоқтайық. Оны әрі қарай талқылмайық. Ол – Қазақстан азаматы, «Болашақ» түлегі. Ол Қазақстанға оралып, елімізге жүз есе пайда әкеледі деп сенемін, - дейді Мелдешов.

Оның айтуынша, 2023 жылы осы жағдайға байланысты қылмыстық іс тергелген.

«2023 жылы Мәжіліс депутаты Бас прокурордың атына депутаттық сауал жолдады. Қолымда жемқорлық дәлелі бар деді. Бас прокуратура тексеруге келді, қолдарына дайын материалды берді. Ол жерде Гавриленкомен қатар тағы 3 адамның аты-жөні көрсетілген. 4 адам. Астана қаласы бір жыл бойы тергеу жүргізді. Бәрінен жауап алынды, ішінде мен де бармын. Гавриленконың өзінен де, анасынан да жауап алынды. Гавриленконы көрген емеспін, туыстарын да көрген емеспін. Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды. Прокуратура бұл істі жапты», - деді Жанболат Мелдешов.

МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕК НЕ ДЕЙДІ?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.

Осыдан 2-3 күн бұрын Валерия Гавриленко кінәсін толыққанды мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Сол келісімшарт аясында ол бүкіл ақшаны қайтаруға жауапкершілік алды. Ал, жауапты тұлғаларға келетін болсақ... Тиісті заңнама аясында Бас прокуратура мәселені бастап кетті, - деді Саясат Нұрбек.

Алайда сот процесі барысында кепіл болған журналистер министр айтқан келісімнің бар екеніне күмәнмен қарады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Гавриленкомен келісім жасадық» деген мәлімдемесін дәлелдейтіндей, ол келісімді көре алмадық. Келісімшарт бар ма, жоқ па, күмән бар. Болжамымыз бойынша, бұл келісімшарт жоқ. Бізге медиацияға уақыт берді. Біздің тек қана бір талабымыз бар. Заңсыз кепілден шығарылған екі үйдің бағасын есептедік. Ол 26 млн теңгеге жуық қаражат. Гавриленконың 1,3 млн теңге төлеген қаражаты бар. Содан қалған 1,5 млн теңге бар. Бұл қаражатты Наталья Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келісеміз. Сол кезде әділетті болады, - деді Мақпал Дәрібаева.

Дәрібаева тиісті органдардың тексеру жұмыстарын жүргізіп, сол кезде жұмыс істеген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуын да талап етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама