Halyq Uni логотип
×

Мектепте артық пән көп – депутат

Білім ордаларындағы оқулықтардың тілі ауыр

 Дәурен Ерболат 06.06.2024 | 17:58
Мектепте артық пән көп – депутат
фото: Halyq Uni

Қазақстан мектептерінде артық пән көп, оқушыларға шамадан тыс көп оқу міндеттелген. Бұл туралы сенатор Алтынбек Нухұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданды.

Білім сапасы мықты елдер саналатын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада сынды елдерде 7-8 сыныпта оқушылар нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал Қазақстанда 15 пән. 9-сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Елімізде міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп, - деді Алтынбек Нухұлы.

Оның айтуынша, шетелдегі мектептерде химия, биология және география сияқты пәндер біріктіріліп, «Ғылым» пәні ретінде өте аз оқытылады. Осыған қарамастан соңғы 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары болып отыр. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді.

Қазақстанда оқушыларға тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі. Ал оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта. Ал Ұлыбританияда, керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді.

Орта білім саласында сапалы білім беру үшін оқушыларға заман талабына сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің концепциясына сәйкесінше өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз», - деді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама