Құраманың іргетасы қаланды. Енді оны кірпішпен қалау керек, - деді ол
Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов жаңа қызметке тағайындалған соң алғаш рет БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Ол бас жаттықтырушы қызметіне тағайындауына қатысты пікір білдіріп, алдағы жоспарын айтты.
Мен федерация басшылығымен сөйлесіп, алғашқы екі ойынға қатыспаймын деп шештік. Барлығын жоспарлау керек. Себебі Арменияға ұшуға мүмкіндігім жоқ. Өйткені мен бұл күндері ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы болуды жоспарламаған едім. Мен Венгрияға ұшуды жоспарлап отырмын. Ол жақта команданың Әзербайжанмен болатын ойынын қараймын. Жаттығу жұмыстарына қатыспаймын. Осы екі ойынды Руслан Балтиев қорытындылайды, – деді Черчесов.
Содан кейін ол БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап пішінінде болған шағын сұхбатта Черчесовке мынадай сауалдар қойылды.
– Станислав Саламұлы, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушы қызметіне тағайындаудан алған алғашқы әсеріңіз бен эмоцияңыз қандай?
– Алған әсерлер бар. Алайда эмоциям байсалды. Бір апта бұрын мен бұл туралы білмедім. Міне, тағдырдың жазуымен бүгін осындамын.
– Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болу ұсынысын қабылдауыңызға қандай негізгі факторлар әсер етті?
– Шамамен екі ай бұрын мен шетелде жұмыс істегім келмейтінін айттым. Содан кейін ұсыныстар болды. Қазақстан құрамасы менің концепцияма сәйкес келеді деп ойлаймын. Мұнда мені ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов күтіп алды. Біз сөйлесіп, қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Жобаны бірлесіп жасау керек деп шешім қабылдадық.
– Қазақстан футбол федерациясы қысқа және ұзақ мерзімді перспективада сіздің алдыңызға қандай мақсаттар мен міндеттер қойып отыр?
– Өткен маусымда Қазақстан ұлттық құрама командасы сәтті ойнады. Енді біз УЕФА Ұлттар лигасын қайтып ақ парақтан бастаймыз. Ұлттық құрама Астанадан Алматыға көшеді. Себебі «Астана Арена» стадионында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жігіттермен сөйлестім. Оларға «Ең басты міндет – тәжірибені шыңдай түсу» дедім.
Құраманың іргетасы қаланды. Енді оны кірпішпен қалау керек. Шартты түрде қазақ футболының өркендеуіне мүмкіндік беретін белгілі бір жүйені құру қажет. Менің міндетіме ұлттық құрама емес, жастар мен жасөспірімдер құрамаларын дамыту да кіреді. Енді оларға да назар аудару қажет.
Мен командамен кездестім. Жаттықтырушылар штабымен сөйлестім. Бір жылда көп нәрсе өзгереді. Команданың әлеуеті өсуі керек. Команда заманауи футбол көрсетуі қажет. Қаншалықты табысты болатынымызды уақыт көрсетеді.
Еске сала кетсек, Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне осы аптада тағайындалған болатын.
Ал өзінің футболшы кезінде қай жерде ойнағанын, жаттықтырушы ретінде қай клубта жұмыс істегенін айтсақ, ол «Спартак» (Орджоникидзе), «Спартак» (Мәскеу), «Локомотив» (Мәскеу), «Динамо» (Дрезден, ГФР), «Тироль» (Инсбурк, Аустрия) клубтарында ойнаған. Жаттықтырушы ретінде Ресейдің «Спартак» (Мәскеу), «Жемчужина» (Сочи), «Терек» (Грозный), «Амкар» (Пермь), «Динамо» (Мәскеу), «Легия» (Варшава, Польша), «Ференцварош» (Будапешт, Мажарстан) командаларында жұмыс істеген.
Черчесов ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы болып тағайындалғаннан кейін әлеуметтік желіде оның жалақысы туралы да әңгіме көбейіп кетті. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесовтің алатын жалақысы туралы тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Кейбір ақпарат көздері Черчесов жылына 1,2 млн еуроға жуық ақша алады деп жазған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда, оның айлығын теңгеге шаққанда, 1 168 800 000 теңге болады. ҚФФ бұл ақпаратты растамады.