Бұл қыруар ақшаны талап етпейді
Қазақстанда кеңес заманындағы мульфильмдер қазақ тіліне аударылуы мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Масс-медиа туралы» заң талқыға салынып, мақұлданған болатын.
Жиында сенатор Жанна Асанова кеңес заманындағы мультфильмдерді мемлекеттік тілге аудару мәселесін көтерді.
Өзектілігін жоғалтпаған және балаларды адамгершілікке тәрбиелеуді көздейтін кеңес заманындағы мультфильмдерді мемлекеттік тілде ретрансляцияға қатысты сіздің ұстанымыңыз қандай? - деді депутат.
Қанат Ысқақов бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
Біз де совет мультфильмдерінің өзекті болған дәуірін көрдік. Бұл мәселеге қатысты жеке көзқарасым бар. (Аталған мультфильмдерде) еңбекқорлық, Отанға деген сүйіспеншілік, жақынға деген құрмет сынды құндылықтар бар. Бұл бойынша жұмыс істейміз. Алайда ретрансляция емес, біз мемлекеттік тілге аударып, әлеуметтік желілердің жұмысын күшейтеміз. Себебі 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігі әлеуметтік желілерде отырады. Аударма және дубляж мәселесін міндетті түрде бақылауға аламыз, - деді вице-министр.
Сенаттың жалпы отырысынан соң министрдің орынбасары бұл мультфильмдерді қазақ тіліне аудару көп қаражатты талап етпейтінін жеткізді.
Мен кейбір совет дәуірінде шыққан мультфильмдер біздің этикалық қағидамызға қайшы келмейді деп айттым. Сондықтан оларды аударуға мүмкіндік бар. Қажет болса, аударамыз. Бұл қыруар ақшаны талап етпейді. Онсыз да шетелдік контентті аударып жүрміз. Өзіміздің бекітілген бюджет аясында (жобаны) іске асыруға дайынбыз, - деді Қанат Ысқақов.
Сондай-ақ ол кеңес дәуіріндегі мультфильмдер іріктелетінін атап өтті.
«Мен барлық (мультфильм) деп айтпадым. Іріктейміз, бәрін талқылаймыз. Қоғамдық кеңес те өтуі мүмкін. Совет дәуіріндегі анимациялық контент салт-дәстүрімізге, болмысымызға сай келсе ғана алынады. Бұл – бас салып, бәрін аудару деген сөз емес», - деді министрдің орынбасары.