«Әр мекемеде қазақ тіліне жауапты маман болуы керек». Аударма сапасы, бизнес тілі жайлы Асқар Базарбаймен сұқбат
Сарапшы қазақ тілін мемлекет цензура тұрғысынан емес, сапа тұрғысынан қадағалауы керек деп есептейді
Қазақстандағы аударма сапасын арттыру, қолданысқа еніп жатқан жаңа сөздерді түзу және жасанды интеллект пен қазақ тілі интеграциясын ілгерілету үшін не істеу керек? Halyq Uni тілшісі аудармашы Асқар Базарбаймен сұхбаттасып, осы сұрақтарға жауап алды.
Оның пікірінше, қазақ тіліндегі мінсіз аудармаға жету ұзақ уақыт алмайды. Бұған әсер ететін бірнеше фактор бар.
- Жасанды интеллект үлкен тіл жүйелерімен жұмыс істейтіндіктен, оған үлкен база керек. Ол бір жағынан қазақ тілін пайдаланушылар, аударушылар, қолданушылардың көбеюіне байланысты. Екінші жағынан пайдаланушылардың сапасына, тіл біліміне де байланысты. Қазір байқап отырсам көбісі яндекспен аударады. Google жүйесінен гөрі Яндекс арқылы аударылған нәрсе көп. Өйткені қазақтардың көбі орыстың ақпараттық кеңістігінде жүргендіктен, көбінесе соған жүгінеді. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдардың яндекске жүгінетінін байқаймын. Өйткені өзім аударып жүргенде аудармаға, сөз құрылымына талдау жасадым. Маған түсініксіз қазақша бір сөз келгенде, оны яндекс арқылы терсем бірден тани қояды. Яндекс өзінің жасаған «қылмысын» өзі түсінеді ғой. Өкінішке қарай Яндекстен басқа аудармашы болмай тұр, бұл көбінесе ағылшын тілі аудармашыларына қатысты, - деді ол.
«ТІЛДІҢ ЖАҢА САТЫСЫ ПАЙДА БОЛАДЫ, ЕГЕР...»
Сарапшының пікірінше, мінсіз аудармаға жету үшін алдымен база керек. Екіншіден, мемлекет тарапынан сапаны қадағалау қажет.
- Мысалы, советтік кезеңдегі кітап немесе киноның дыбысталуын қарасақ, көп сөз орыс тілінен енгенімен жалпы тілдің құрылымы, грамматикасы, морфологиясы жағынан мінсіз болды. Өйткені, ол кезде цензура, қатаң қадағалау болды. Әрине оның минусы бар: көп еркіндік жоқ, плюсі көбіне сапа жағынан мінсіз болады. Мұны айналып өтудің бір жолы бар, ол коммерциялық жолға қою. Яғни, бұрын үкіметтің қадағалауымен жүретін болса, бұл жерде нарық қадағалайтын болады. Ол кезде көп өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы аға буынға ұнамайтын «өйтетін болатын, сөйтетін, бүйтуде» деген сияқты ауызекі айтылып жүрген, қазақ тілінің грамматикасына келмейтін сөздер кіріп кетеді. Бұл қарым-қатынасқа қатты әсер етсе, адамдардың бірін-бірі түсінісуіне кедергі болса – қауіп. Егер халықтың бәрін оны қолданысына қарап пайдаланып, түсініп үйренсе, онда тілдің жаңа сатысы пайда болады, - деп қосты ол.
Сондай-ақ аудармашы қазір тілдің жаңа фазаға өтіп жатқаны анық байқалып отырғанын атап өтті.
- Қатты өзгеріс болып жатыр. Дәл қазіргідей өзгеріс совет үкіметінің басында болды, жаппай ұжымдастыру кезінде тілге көптеген жаңа сөздер енді. Бірақ қазір ешқандай қадағалаусыз еніп жатқан ойды жеткізудің жаңа формаларын көріп жүрмін. Оларды керемет деп айта алмаймын. Бізге түсінікті болғанымен қисынға келмейді, қазақ тілінің конструкциясы бұзылып жатыр. Сол мінсіздікке жетуде екінші қауіп – 50/50 дәстүр мен логикадан тұрады. Ережеден тыс көп сөздер дәстүр арқылы қалыптасқан сөздер. Сөзді бірыңғай ереже мен логикаға сала беруге болмайды. Мысалы, туу деген сөзді алайық, «мен туылғанмын» деген сөз логикаға салудан туындап отыр. Бірақ бұл жерде дәстүрге сүйену керек, ол туған дегенді қолдайды. Содан алатын бослақ, дәстүр өзгеріп кетуі мүмкін. Одан қазақ тілін білетін немесе жақсы білмесе де, сіңіріп өскен қазақтілді қауым бұл жүйелерден, жаңа құралдардан айнуы мүмкін. Жаңа құралдарды ең еріншек қауым – халықтың 70-80 пайызы оған басын қатырғысы келмейді, олар филолог емес, тез аударып, жұмысын бітіруі керек. Оған бұл ережеге келмейді деп дәлелдеп жатпайсың. Сол арқылы ешкім пайдаланбайтын жасанды тіл қалыптасуы мүмкін. Ауызекі тіл мен ережеге негізделген тілдің арасы алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан, меніңше бұған мемлекеттің қадағалауы керек, ол цензура тұрғысынан емес, сапа тұрғысынан болуы керек, - деді Асқар Базарбай.
Сарапшы қолданысқа еніп жатқан сленг, жаңа сөздер туралы ақпарат жинап, тіркеп отыру керек деп есептейді. Ол үшін тіл корпустарының жұмысын жандандыру қажет.
- Кез келген жұмысты ретке келтірмес бұрын ақпарат жинау керек. Бізде сол жағы ақсап жатыр. Сленгті реттеудің қажеті жоқ, оны тіркеп отыру керек. Тіл корпустары 5 жыл сайын айналысуы керек. Бұны 10 жыл бұрын да айттым. Тіліне қамқор болуға тырысатын барлық елде тіл корпустары 5-6 жыл сайын жаңарған сөздер, тілге қатысты барлық өзгерістер қайта қаралып жатады. Бізде сөздік жиі шықпайды. Жуырда ағылшын-қазақ тілінде Оксфорд сөздігі шығыпты. Ол өте жақсы жаңалық. Бірақ біз монумент тұрғызып жатқан жоқпыз. Тіл деген монументалды, яғни мүсін сияқты қатып қалған болмауы керек. Үнемі тіркеп, барлық өзгерістерін халыққа жеткізіп отыратын бір нүкте керек. Тіл мамандарына құрал болатын бастама керек, - деп толықтырды сөзін.
ЖАСАНДЫ ЗИЯТТЫ ҚАЗАҚШАЛАУ ҮШІН...
Бұған қоса, аудармашы жасанды зият тіліне қатысты пікір білдірді.
- Аударма саласында сапасыз аудармашы көп. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Қазақ тілінде боттар жазып жатыр. Яндекс – Ресейге бағынатын ресурс. Өзімізде сондай ресурс болмағаны ұят нәрсе. Оның ұяты тек ІТ саласына келмейді. Бұл салада бәсеке көп, ал мықты маман жақсы жағдайда талап етеді. Сондай жағдай ұсынатын компанияларға кетіп қалады, мықты кадрлардан айырылып жатырмыз. Тілтану – гуманитарлық ғылым болғанымен, ол барлық ғылымдардың ішінде нақты ғылымдарға ең жақыны. Яғни, ЖИ қазақшалау – ІТ мен тіл мамандары бірігіп істейтін жұмыс. Біз бұл көштен тым кеш қалып қойдық. Мысалы жақында ChatGPT жаңа ChatGPT 4.О деген нұсқасын жариялады. Дауысты таниды, ырғағы келеді, керемет жұмыс істейді. Бірақ онда қазақ тілі жоқ. Ескі әуенге салып – адам тауып, жоғарыдан айтып, ақша төлеп қазақ тілін қосса, шешіле салатын мәселе емес. Ол үшін тілдік базаны қалыптастырып, желіні қазақ тіліне тойдыру керек. Мұны қалыптастыруға әлеуетіміз жетеді. Бірақ кешігудің бір жаман жері – қыруар еңбек далаға кетуі мүмкін. «Темірдің қызған кезінде соқ» деген. Мысалы, пластинка дегенді күйтабақ деп аударғанша көп уақыт кетті, жұрт оны пластинка деп атап кетті. Тіпті, күйтабақты сіңіргеннің өзінде қазір ол өзекті болмай қалды. Сондықтан әр нәрсені уақытында істейтін орган керек, - деді Асқар Базарбай.
Аудармашы бұл жұмыс журналистер мен блогерлерге тікелей қатысты деп есептейді. Өйткені бұл екеуінің артында мыңдаған көрермен мен оқырман бар. Ал ақпараттың таралуы, әсер ету ықпалы жоғары.
- Терминком кеш қалудың жарқын мысалы. Онда жақсы өзгерістер болып жатыр, бірақ меніңше 20 жылдай кеш қалған сияқты. 90-жылдардағы жағдай түсінікті, қазір оған қарағанда тәуір шығар. Бірақ нарық жағдайында көштің соңында қалу деген... Терминком не жасай алады? 5 жыл сайын сөздерді жинап, жариялап отыра алады. Дәл қазір терминкомға жұртшылықпен қарым-қатынас жетіспей отыр деп ойлаймын. Өзім оны (sozdikqor.kz) пайдаланамын, бірақ жиі емес. Қолданысы жағынан ыңғайлы, интерфейсі барынша түсінікті. Termincom.kz түсінікті, бірақ ыңғайсыздау, моралдық тұрғыдан ескірген әрі ішінде қоқыс көп. Мысалы, бір сөздің 2006 жылы аударылған бірнеше нұсқасы болса, 2007 жылы басқаша аударып бәрін салған. Өзімнің тілді түсіну қабілетімді, жалпы қазақ тіліндегі терминдердің даму тарихын білгендіктен, 2006 жылдардағы аудармаларға көп сенім артпаймын. Көптеген қоқыс сол кезде кірді. Еш өндірісте болмаған адамдар өз қиялымен аударып, көптеген іске жарамсыз сөздерді шығарған жағдайлар көп болды. Кейінгі 2017-2018 жж аударылған сөздерде бұл қателіктер түзетілген. Екіншіден, аудармашының қателігі «мен сөз аудармашысымын» деген түсінік жоқ. Аудармашы сөздік емес, ол сөйлем аударады. Sozdik.kz сайтына кіріп ондағы барлық сөздерді жинап алып, көз алдында тұрған ағылшын-орыс мәтінін сол күйінде орнын ауыстырмай соның логикасына жығылып, сөздерді қоя салу тек қана Франкенштейн тудырады. Ол сөйлем емес. Сондықтан орыс тіліне қатты жүгінуге болмайды. Бірақ қазір көріп отырғанымыз қазақтың сөзімен орысша сөйлеп, жазып жүр, - деді аудармашы.
«ӘРБІР МЕКЕМЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖАУАПТЫ МАМАН БОЛУЫ КЕРЕК»
Еске сала кетейік, соңғы жылдары елімізде бизнес саласында тілге қатысты даулы оқиғалар болды. Аудармашыдан бизнесті қазақ тілін дамытуы үшін қалай ынталандыру қажет екенін сұрадық.
- Бизнес қазір аудармашыларды орысша-ағылшынша білгені жақсы, қазақшасы болса тіпті жақсы деп таңдап жатыр. Тіпті жақсы емес, ол басты талап болуы керек. Бірінші тілі – қазақ тілі, қазақ мектебінде оқыған, қазақша сөйлеу құрылымын түсінетін ең болмағанда бір маман отыруы керек. Бұл жерде редакторларға сөз беріп, олардың мәртебесін көтеру керек. Бізде өкінішке қарай редактураның жоқтығы қатты сезіледі. Аудармашыдан шикілей шыққан жазулар көпшіліктің қолданысына кетіп жатады. Ал банктердегі аударманы ретке келтіру үшін кез келген аударманы белгілі бір мекемеге жүгіну арқылы шығару жолымен шешуге болады. Бірақ ол тым қатал әрі советтік талап болып кетеді. Немесе әрбір мекемеде қазақ тіліне жауапты маман болуы керек деген талап қоюға болады. Жай ғана қазақ тілін білетін емес, филолог болуы керек. Сол кезде ғана өзгеріс болатынына сенемін. Өйткені көріп жүрген «қазақ тілін білемін» деп жүрген аудармашылардың көбінде филологиялық база нашар. Оларды түсінуге болады, студент кезінде «қазақ тілін онсыз да білемін ғой» деп бар назарын ағылшын, орыс немесе басқа тілге аударады. Шет тілінде акцентпен сөйлесе де, академиялық тұрғыдағы білімі қазақ тілінен басым болып кетеді. Себебі ол қазақша кітап оқымайды, ақпарат тұтынбайды, тек тұрмыстық деңгейде қалады. Резюмені оқығанда «қазақ тілі – ана тілі, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген» деп тұрады. Ол адамды қазақ тіліне жауапты маман етіп жұмысқа алғанда, оның академиялық білімі білім емес. Кейін түрлі жағдайлар басталады, - деді ол.
Сарапшы банк және басқа да бизнестің қазақ тіліндегі қате аударма мен жазуын түзеу үшін талап күшеюі керегін атап өтті.
- Банктердің қате жазуын түзеу үшін талап керек. Бірақ талаптардың жүзеге асу жолдары болады: бірі дұрыс, бірі қате. Қате жолы - науқаншылыққа салу. Мәселен, «осы күннен бастап бәріңіз сөйтіңіздер» дейді. Әлбетте, асығыс жасалған дүниенің соңы қате болады. Бүгінде сапа мәселесі көтеріліп жатқаны сол. 90-жылдардан бері қарай науқаншылық көп болды. Оны эволюциялық жолға қою керек еді. Бірден бәрі қазақша сөйлеп кетпейді. Өмірге реали көзбен қарау керек. Бәріміз де қазақ тілін жақсы көреміз, оның дамып, қолдану аясының кеңейгенін қалаймыз. Бірақ қазіргі жағдай қалай, соны анықтап, біліп алу керек. Содан кейін әрі қарай ілгерілету үшін не істей аламыз деген түсінікпен жасау керек, - деді Асқар Базарбай.