Қазір бокстағы әрбір жекпе-жек финалдан кем емес – Мырзағали Айтжанов
Мұхамедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға 6 рет шығып, жолдаманы жеңіп алды
Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Таиландтың Бангкок қаласында өткен соңғы іріктеу турнирінен кейін ерлердің ұлттық құрама командасының Олимпиадаға дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлады olympic.kz.
Ол Олимпиадаға ұлттық құраманы толық құрамда апаруды жоспарлағанын айтып, боксшылардың 4 жылда бір айналып келетін дүрмекті додаға дайындығы тиісті деңгейде болып жатқанын атап өтті.
Биылғы алға қойған жоспарымыздың бірі – Олимпиадаға толық құрамда бару еді. Сол мақсатымызға жеттік, ойымыз толық орындалды. Ендігі мақсат – жігіттеріміз рингте барын салып, елге абыроймен оралу. Мұхамедсабырдың жолдама алғанына өте қуаныштымын. Оған оңай болған жоқ.
Екі іріктеу жарысы да жігіттерге қиын соқты. Бангкоктегі турнирден соң да мықты деген боксшылар жолдамасыз қалды.
Қазір бокс бес құрлықта да дамып жатыр. Сондықтан әрбір жекпе-жек финалдан кем емес. Базарбайұлы шаршы алаңға 6 рет шығып, лицензия алып отыр. Оған тек жарайсың дейміз.
Бізге қолдау көрсетіп жатқан басшыларға алғысымыз шексіз. Қажетті жарыстар мен жиындар уақтылы өтіп жатыр. Елді қуантып, халықтың үмітін ақтау – басты мақсатымыз, – деді бас жаттықтырушы.
Биылғы Париж Олимпиадасында бокстан Қазақстан ерлер командасы толық құрамда өнер көрсетеді. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалауы желбіреген Олимпиялық ойындарға да Мырзағали Айтжанов бастаған команда толық құрамда қатысқан болатын.