4 маусымда қазақстандықтар Мемлекеттік рәміздер күнін тойлап жатыр
Мемлекеттік рәміздерді қорлау әрекеті жауапкершілікті қатаңдатпай тоқтамайды. Мұндай пікірді Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында геральдист Айдын Рысбекұлы айтты.
Тәуелсіздігіміздің 33 жылдығында бізде ұлттық идея орнаған жоқ. Себебі Мемлекеттік туды, Елтаңбаны қорлау, оларға плагиат жасау өте көп. 2023 жылы ішкі істер министрлігімен бірлесе жүргізілген мониторинг аясында 1 қылмыстық іс тіркелді. Әкімшілік жауапкершілік бойынша 46 хаттама толтырылды, бір ірі компанияға 3 000 АЕК айыппұл салынды, - дейді Айдын Рысбекұлы.
Маман мемлекеттік рәміздерге қатысты қоғамның назарын аударған жекелеген жағдайларға да тоқталды.
Парламентте өткен жиында Әнұран орындалған кезде журналистердің орнынан тұрмау қойғанына қатысты қоғамда дау туды. Осы бойынша президенттің атына хат жаздым, тиісті органдарға да хат жолдадым. Айыппұлмен шектелмей, оларды қатаң жазаға тарту керек. Қылмыстық кодекстің 372-бабы бар – мемлекеттік рәміздерді қорлау. Бұрын айыппұл көлемі 2 000 АЕК болса, қазір 3 000 АЕК. Оларға не айыппұл салынбады, не қылмыстық жазаға тартылған жоқ. Қылмыстық жазаны қатаңдатпай, бұл тоқтамайды, - дейді Рысбекұлы.
Айта кетейік, 4 маусымда қазақстандықтар Мемлекеттік рәміздер күнін тойлап жатыр. Ал қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, Мемлекеттік рәмізді қорлау әрекеті бойынша 3 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.