Депутаттар елдегі жаппай митинг жайлы пікір айтты

Халық үні

Тоқаев бүгін Үкіметтің отставкасын қабылдап, бірқатар ауыс-түйіс жасады

фото: ашық дереккөзден

Депутаттар премьер-министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, елдегі жаппай митинг және газ мәселесі жайлы пікір білдірді

Осы сауалымыз Маңғыстау облысының тұтынушыларына арналған сұйытылған мұнай-газына бағаның көп көтерілуіне байланысты. Бұл азаматтардың наразылығын туғызып, аймақта әлеуметтік шиеленісті күшейтіп жібергені белгілі. Жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке бақылауына алынды. Президенттің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істеді, ол қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешімін тапты. Проблема жаңа жылдың алғашқы күндері шиеленіскеніне қарамастан, оның алғышарттары бұдан да бұрынырақ белгілі бола бастағанын атап өту керек. Сұйытылған газ нарығына, отынның тапшылығына, саладағы баға белгілеуге қатысты мәселелерді бірнеше рет мәжіліс депутаттары да көтерген еді, - деді  Бақытбек Смағұл Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол аталған мәселенің бірқатары реттелсе де, бірқатары шешімін таппағанын атап өтті.

Біріншіден, Энергетика министрлігі бағаның бұлайша өсуін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100 пайыз электронды сауда алаңы арқылы сатылатынымен түсіндірді. Үш жыл ішінде (заң күшіне енгеннен кейін) сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сауда-саттықты Энергетика министрлігі «қолмен басқару» режиміне өткізді. Бұл «кнопкалы» аукцион деп аталатын жағдайға жеткізді. Бұл электронды алаңдар тетігінің беделін кетіріп, нәтижесіне қол жеткізбеді. Сөйтіп, ол бүгін дағдардыстық жағдайға әкеліп тіреп отыр, - деді депутат.

Сонымен қатар ол елімізде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспағанын айтты. Оның есесіне, сұйытылған газ тапшылығы болды, көрсеткіш 2021 жылы 15 пайызға жеткен.

Көтерме сауда нарығындағы алыпсатарлықты жою және сауда-саттықтың ашықтығын арттыру мақсатымен өткен жылы парламент биржалық сауданы ұйымдастыру жөнінде кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Заң күшіне енді, алайда Энергетика министрлігі сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасаған жоқ. Осы өзекті мәселелерді реттемейінше, бізде бағаның шарықтауы сұйытылған газға ғана емес, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көптеген түрінен байқалатын болады. Түптеп келгенде, бұдан қарапайым тұтынушы зардап шегеді, - деді Б.Смағұл.

МИТИНГ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары шеруге шықты. Бұған автокөлікке құятын газ құнының литріне 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болды. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалады деп уәде берді.

Маңғыстау облысында басталған акциялар елдің өзге өңірлерінде де жалғасты. 4 қаңтарда кешке жағдай күрделеніп, Алматыдағы наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Шеруге шыққандар үлкен көшелермен жүріп, әкімдік ғимаратына дейін барды. Ол жерді арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.

5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Ел ішінде наразылық болып жатқанда Мемлекет басшысы қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.

«Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек», - деді Тоқаев.

5 қаңтарда Президент үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын», - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.

Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Еліміздегі жағдайға байланысты тағы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.