Соңғы аптада дене дайындығы мен салмағымда аздаған жоғалту болды, - дейді ол
Әлемнің төртінші, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина теннистен Париж қаласында өтіп жатқан Францияның ашық чемпионаты кезінде БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспары туралы айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, Рыбакина украиналық Элина Свитолинаны 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, одан Токио Олимпиадасы кезінде кеткен есені қайтарып, «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шыққан болатын. Енді ол ¼ финалда Италияның өкілі Ясмине Паолинимен күш сынасады.
Теннисші БАҚ өкілдерімен кездесуде италиялық қарсыласының оңай шағылатын жаңғақ еместігін ашық айтты. Бірақ оны да жеңуге тырысатынын жасырмады.
Біз соңғы рет Штутгартта ойнадық. Матч үш сетке созылды. Мен есеп бойынша алға шыққаныммен, ол жақсы қимылдап, допты қатты соғып, қайтарып отырды. Аяқты ширақ қимылдатуға тура келді. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Ол теннисті жақсы ойнайды. Маған Элинамен матч өте қиын болды. Енді бәрін уақыт көрсетеді, – деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.
Одан кейін ол Олимпиадада жекелей сында бар күш-жігерін жұмсап, жеңіске жетуге тырысатынын айтты.
Әрине, Олимпиаданың чемпионы болу – барлық спортшының арманы, өмірдегі басты мақсаты. Әзірше мен осы «Ролан Гаррос» туралы ғана ойлап жүрмін. Маған осы жарыста барлық қырынан көрініп, жанкүйердің сенімін жеңіп алу маңызды болып тұр. Қазір мен келесі матчқа дайындалып жүрмін. Ясмине Паолиниді төртінші айналымда жеңсем, әрі қарай бәрі белгілі болады. Өте жақсы ойнап жүрмін деп айта аламын. Ұйқыға және денсаулығыма байланысты алаңдаушылық болды. Соңғы аптада дене дайындығы мен салмағымда аздаған жоғалту болды. Дегенмен өзімді тамаша сезінемін. Ойындарды екі сетпен бітіріп келе жатқаныма қуаныштымын! – деді қазақстандық теннисші.
Еске сала кетсек, Рыбакина Францияның биылғы ашық чемпионатындағы әлі бірде-бір сетте жеңілген жоқ.