Halyq Uni логотип
×

Қазақстан жасанды интеллектіні заңдастыруға әлі дайын емес – сарапшы

Сарапшы Орталық Азия елдерінде ЖИ-дің экономикадағы үлесі аз екенін айтты

 Айнұр Шошаева 31.05.2024 | 13:11
Қазақстан жасанды интеллектіні заңдастыруға әлі дайын емес – сарапшы
Арман Әбдірасылов, сарапшы

Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалану мәдениетін қалыстастыру қажет. Халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов елімізде жасанды интеллектіні заңдыстыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

SecDev компаниясының (Канада) аға кеңесшісі, халықаралық сарапшы Арман Әбдірасыловтың пікірінше, жасанды интеллект туралы талқыламас бұрын, алдымен оның не екенін түсініп алу қажет.

Қазір министрліктің өзі жасанды интеллектінің мағынасын түсінбейді. Мысалы, жасанды интеллект ағылшын тілінде artificial intelligence. Біз оны орысшадан қазақшаға "жасанды интеллект" деп аударамыз. Негізі ол "жасанды барлау" деп аударылады. Сонда біз қате үстіне екінші қатені жамап отырмыз. Бұл жерде мәселе жасанды ақылда, - деді ол Астанада өткен қазақ контент жасаушыларының форумында.

Оның пікірінше, жасанды зияттың Қазақстан экономикасына қосатын үлесі айтарлықтай көп болмайды.

- Қазір дүниежүзінде экономикадағы ЖИ үлесі – 4 тлрн доллар. Қазақстанның үлесі қанша деген сұрақ туындап жатады. Тікелей санағанда бұл да дұрыс емес. Өйткені бұл пропорционалдық тұрғыда салыстырылады. 4 тлрн долларды дүниежүзілік экономиканың пропорциясы ретінде санасақ, сонда бір пайыз шығады. Ал дүниежүзі экономикасын Орта Азия экономикасымен салыстырсақ, соңғысы дүниежүзілік экономиканың 0,03 пайызын ғана құрайды. Егер 4 трлн долларды бөлетін болсақ, 1 млрд доллардан асады, яғни ЖИ-ді Орталық Азияға енгізетін болсақ, экономикадағы әсері қазіргі экономика және технологиялармен қоса алғанда 1 млрд доллардан аспайды, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы жасанды интеллектіні заңдастыруға қатысты түрлі пікірлерді мысалға келтіріп, оны реттеуге пікір білдірді.

- Қазір елімізде Цифрлық кодекс дайындалып жатыр. Саланың іргетасын түсінбегеннен кейін Цифрлық кодексті құрастырғанда өте көп қатеге жол берілді, көптеген түсінбеушілік болып жатыр. Мысалы, өткен аптада Цифрлық кодексті талқыладық. Оның ішінде көп қате бар. Негізі жұмыс істемейтін кодекс, өздері оны ашық айтып отыр. Онын заңдастыруда Орта Азиядағы лидер деп Қырғызстанды айтуға болады. Қырғыз елін қарайтын болсақ, оларда Цфирлық кодекс деп аталады, қазір президент әкімшілігінде келісу жұмысы жүріп жатыр. Олардың құрастырған цифрлық кодексінің құрылымын қарайтын болсақ, цифрлық конституцияға ұқсайды. Өйткені принциптері жазылған, технологияларға байланбаған. Қандай технология болса да, ұрлық –  ұрлық, адам өлтіру – кісі өлтіру болып қала береді. Қай технологияны пайдаланып, қылмыс жасасаң да факт қалады. Осылайша ЦК конституция принципімен жасап, қалған заңдармен байланыстырып жатыр. Сонда түсінікті, ашық және анық принциптерді жариялап, дүниежүзіне ашылып жатыр. Бұл экономика жағынан ашық болады, - деп толықтырды сарапшы.

Арман Әбдірасыловтың пікірінше, қазір жасанды интеллект хайп тақырыптың біріне айналып кетті.

- Кез келген технологияның өмірі хайп болады, қызығушылық артқанда көтеріледі, кейін төмен түседі. Қазір ЖИ хайптың ең жоғары шегінде тұр. Бұл әлі өнімділік деңгейіне шыққан жоқ. Тіпті, қазіргі стартаптардың бәрін қарасақ, ақшаны көп табу үшін АІ деп қоса береді. Бірақ оның не екенін әлі ешкім түсініп жатқан жоқ. Алдағы 2-3 жылдың ішінде АІ хайпы бәсеңдеп, қайта көтерілгенін көреміз. Мәселен, бір кездері шопырсыз жүретін көліктер қызу талқыланып, кейін басылды. Қазір қайтадан қызығушылық артты. Сондықтан ЖИ болашағы бар, бірақ қазір өте жоғары бағаланып отыр. «ЖИ адам өмірін өзгертеді, жұмыссыз қалдырады» деген пікір бар. Негізі олай емес. Жасанды барлау ретінде ЖИ-дің басты бәсекелесі – Google компаниясы. Қазір халық керек мәліметті одан емес, ChatGPT-ден сұрап алады. Негізі қарапайым адамдар ЖИ десе, бірден ChatGPT туралы ойлайды. ChatGPT – құралдардың бірі ғана, одан басқа да ЖИ құралдары бар, - деді сарапшы.

Сарапшы жасанды интеллектінің қарапайым технология екенін еске салды. Оны заңдастырмай-ақ пайдалануға болады деп есептейді.

- Қазақстан әлі жасанды интеллектіні заңдастыру мен негізгі стандарттарға дайын емес. Өйткені бізде ЖИ туралы түсінік пен мәдениет әлі төмен. Алдымен түсініп алып, әдбен пісіріп барып талқылайтын мәселе. Елімізде ең басты заңдар бар. ЖИ оларға қарсы келмеуге тиіс. Депутаттар бәрін заңдастыруға кіріседі. Негізі заңдастырмаған жүйелер заңдастырған жүйеге қарағанда жақсы жұмыс істейді. Мәселен, қазір еліміздегі мектептердің ең жақсысы – НЗМ. Өйткені ол Оқу-ағарту министрлігіне жатпайды, оның заңы бөлек. Ең жақсы университет – Назарбаев университеті, ол да министрлікке бағынбайды, бөлек заңымен жүреді. Сол себепті заңдастыру, реттеу керек деп жүгірудің қажеті жоқ. ЖИ – қарапайым технология, әрбір технологияның артынан заңдастырамын деп жүгіретін болсақ, керісінше ол тоқтап қалады. Көптеген технология заңдастырусыз-ақ жұмыс істеп жатыр, одан адамға зиян келіп жатқан жоқ. Екінші жағынан, ол жерде фундаменталды сұрақтарымызға әлі жауап табылған жоқ. Біз деректер ақпаратын әлі реттеген жоқпыз. Өйткені ЖИ-ден бұрын мәліметтер базасы бар. ЖИ-ден бірдеңе сұрасаңыз, үйренсеңіз, оны ешқашан ұмытпайды, нейрожелі түрінде сақтайды. Оған қандай да бір ақпаратты берсеңіз, оны ешқашан ұмыттыра алмайсыз. Сондықтан қай ақпаратты ашық, қайсысын жабық түрде, нені беріп-бермеуге болатынын реттеп алғаннан кейін ғана ЖИ-ді реттеуге болады. Біз оның басын реттемей жатып, аяғын реттейін деп жатырмыз. Қате осында, - деді сарапшы.

Арман Әбдірасылов жасанды интеллектіден қауіп бар ма деген сұраққа пікір білдірді.

- Киберқауіпсіздік - өте өзекті мәселе. ЖИ іргетасы – ақпарат. Менің ойымша үкімет біздің жеке деректеріміз, ақпараттарымызды реттеу жұмыстарын әдейі алыстатып отырған сияқты. Біздің ақпаратымыз жоғалмауы керек. ЖИ-ге ақпарат берсеңіз, оны ешқашан ұмытпайды. Меніңше, бұл саботаждың бір түрі сияқты. Біз инженер ретінде осындай жобаларға қатты қызығамыз. Көп адамның ішінен арнайы біреуін іздеу технология жағынан қызық, бірақ заң жағынан жеке құқықты бұзады. Мысалы, қазір үкіметте «Smart Data Ukimet» деген қызық жоба бар. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобы болса, соны алдын ала анықтап, көмектеседі. "Қазақстанның цифрландыруы шұжық сияқты" деген пікір бар. Өйткені сырты әдемі, бірақ неден жасалғанын білмейсің. Әлгі жоба жағдайы төмен адамды табу үшін елдегі барлық адамдарды тексереді. Бұл – жеке құқықты бұзу жағдайы. Яғни, біреуді табу үшін басқа біреудің құқығын бұзбауы керек. Бәлкім, ол адам үкіметтің оны тексеріп, үйіне келгенін немесе көмек бергенін қаламайтын шығар, - деді Арман Әбдірасылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама