×

Олимпиадаға жеті-сегіз жолдама алатын мүмкіндік бар – Дмитрий Карпов

Әзірше лицензияны Жанна Мамажанова мен Нора Джеруто алды

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2024 | 10:15
Фото: Olympic.kz

Қазір жеңіл атлетикадан Қазақстан командасы Олимпиялық ойындарға екі жолдама бар. Бұл лицензияны марафоннан Жанна Мамажанова мен 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу нормативін орындаған Нора Джеруто алды. Бас жаттықтырушы Дмитрий Карповтың айтуынша, құраманың әлі Олимпиадаға жеті-сегіз жолдама алатын мүмкіндігі бар, деп хабарлады Olympic.kz. 

30 сәуірде марафоннан іріктеу кезеңі аяқталып, Жанна Мамажанова Қазақстан рекордын жаңартты. Осыдан кейін ол Олимпиада жолдамасына ие болды. Басқа спортшылар үшін жолдамаға талас 30 маусымда аяқталады. Қазір жеңіл атлеттер бабына келіп, рейтингілік ұпайларға таласуға дайындалып жатыр. 

Бас жаттықтырушы спортшылардың Олимпадаға әлі кем дегенде сегіз лицензияны жеңіп алатын әлеуеті бар екенін ескертті. 

Жеңіл атлетикадан жазғы жарыс маусымы енді ғана басталды. Ұлттық құраманың спортшылары бірнеше турнирге қатысып үлгерді. Қазір бәрі де жоспар бойынша жасалып жатыр.

Олимпиадаға іріктеуге келер болсақ, біз Олимпиадаға қатыса алатын жеті-сегіз спортшының аяқ алысын бақылап отырмыз.

Турнирдің көбісі маусым айында болады. Осы уақытта команданың жарыс кестесі де өте тығыз  болады.

2 маусымда Ольга Сафронова «Гауһар лигасына» қатысады. Диск және ядро лақтыратын спортшыларымыз Мокподағы Азия чемпионатында күш сынап көреді.

Бұл жарыс 12-14 маусымда болады. 22 маусымда Дублинде өтетін спорттық жүрістен халықаралық турнирге аралас командалық эстафета өкілдерін апаруды жоспарлап отырмыз. Кедергілер арқылы жүгіретін Давид Ефремов Еуропадағы жарыстарға, Надежда Дубовицкая ұлттық чемпионаттарға қатысады, – деді ол. 

Оның айтуынша, Олимпиадаға іріктеу жүйесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – арнайы нормативті орындау арқылы, екіншісі – әлемдік рейтинг арқылы жолдама алу.

Осы ретте ол межелі нормативті  орындаудың жыл сайын қиындап жатқанын жасырмады. 

Олимпиадаға іріктеу бұрынғыдай тек қана нәтижеге ғана қарамайды. Осымен екінші жазғы ойындарға нәтиже мен нормативтен басқа, рейтинг арқылы да спортшылар таңдалады.

Жарыстың деңгейіне қарай ұпай да соншалықты беріледі. Сондықтан спортшылар халықаралық турнилерге жиі шығады. Турнир таңдаған кезде командадағы әрбір атлеттің жеке әлеуетіне назар аударамыз. Шешім қабылдауға жеке менеджерлер, жеке жаттықтырушылар мен бас жаттықтырушы кіріседі, – деді Карпов. 

Қазір бас жаттықтырушы елімізде Надежда Дубовицкая мен Иван Ивановты жеңіл атлетиканың көшбасшылары ретінде санайтынын айтты. Сонымен бірге ол Париж Олимпиадасында 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джерутоның да лайықты нәтиже көрсетенініне сенімді.

Осы күндері жеңіл атлетикадан Қазақстан командасы Алматы облысындағы жаңа базада жаттығып жатыр. Осы базада Олимпиада қарсаңындағы маңызды жиын болады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама