Су тасқыны: 9 мыңнан астам үй қайта жөнделеді, 4 315 үй апатты деп танылды
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев егер су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың арасында өзі де болса, мемлекет тарапынан берілетін өтемақыға көңілі толатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан соң журналист министрге «Мысалы, су тасқыны кезінде сіздің үйіңізді су басты делік. Сізге мемлекет өтемақы берді. Сіз оған риза боласыз ба?» деп сұрақ қойды.
Қанат Шарлапаев кез келген көмекке риза болатынын айтты.
Менің үйім жарамсыз болып қалса, әрине, мемлекет берген үйге риза болар едім. Себебі, оны басқа қай жерден аламын? Қазақстанда (су тасқынынан зардап шеккендерге) бизнес және мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алғанын хабарлады. Вице-премьердің айтуынша, қазір 15 093 тұрғын үй мен саяжай құрылысына сараптама жүргізілген. Бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%-ы. Қорытындыға сәйкес, 9 мыңнан астам үй қалпына келтіріледі, 4 315 үй апатты деп танылды. Бағалау жұмысынан тек 11 134 үй өткен (64%).