Halyq Uni логотип
×

«Қазақтан басқа Отаның жоқ»: Төрегелді Шармановтың соңғы сұқбатының бірі

Академик 94 жасында дүниеден өтті

 Айгерім Таубай 27.05.2024 | 10:35
«Қазақтан басқа Отаның жоқ»: Төрегелді Шармановтың соңғы сұқбатының бірі
Фото: Halyq Uni / Самат Құсайынов

Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов 94 жасында дүниеден өтті. 2024 жылдың 26 мамырында Алматыда қазақстандықтар ақсақалды ақтық сапарға шығарып салды.

2024 жылдың ақпанында Halyq Uni тілшісі академик Төрегелді Шармановтың жағдайын біліп, әңгімесін жазып алған еді. Ақсақал ұлттық тағамның қуаты мен өзінің өмір салты туралы айтқан. Редакция академиктің соңғы сұқбаттарының бірін жариялауды жөн көрді.

 «...Адам таңертең, түсте, кешке өзгеріп отырады. Жасы келген сайын тамақтану мүмкіндіктері де өзгереді. Оны тексердік. (...) Өз денсаулығымды сақтадым. Қазақпын, қазақы салтымды қай жерде жүрсем де, қай ортада болса да сақтағым келді. Сол үшін кінәлаған кездері де болды. Ең маңыздысы – ақуыз бен көмірсу, май және энергияның қатынасы, олардың тең болуы. Әрбір адамның өз мүмкіндігі бар, сол мүмкіндікті пайдалану керек», - деген еді Төрегелді Шарманов.

Ақсақал өзін тамақтан тежемегенін, тек қажеттілігіне қарай тамақтанғанын айтты.

Үйімде ұлым бар, арамыз отыз жылдай. Бәріміз бірге тамақтанамыз, ешқандай айырмашылық жоқ. Мен тамақты көп жей алмаймын. Олар ары-бері көп қозғалады, энергетикалық қажеттілік те жоғары. Өз мүмкіндігіме қарап жүремін. Ұлым әрі-бері ұшады, барлық жерде жарқырап жүреді. Маған қарағанда қажеттілігі де жоғары. Аш қалмаймын, тойғанымша тамағымды ішемін. Отбасыда (ас) ортақ. Алмас кішкентай күнінен бастап қолымда, - деді Шарманов.

Төрегелді ақсақал жылқы етінің сіңімді екенін, ал қой етінің сіңуі салыстырмалы түрде қиын екенін айтты.

Теңіз жағасындағылар балық жейді, ал біз Арқаның адамымыз. Арқаның төсінде жайылып жатқан қойдың еті… Біреу сиырдың етін жейді. Кім қалай жақсы көреді. Қазақтарда қой, ол басқа мемлекеттерде жоқ. Бірақ қой еті сиыр, жылқы етінен қиын сіңеді. Жылқы еті бекіре балықтың етімен бірдей. Бізде бекіре балықтың орнына жылқы еті жүреді. Халықтың көпшілігі Арқаның бойында өмір сүріп жатыр. Сондықтан біздің тамағымызда түбегейлі өзгеріс жоқ. «Қазақтар етті көп жейді» дейді. Жейміз. Бізге ұнайды, - деген еді ақсақал.

Төрегелді ақсақал өзі ішкен қымыздың Ұлытаудан басқа еш жерде жоқ екенін айтты.

«Арқаның бауырында өскен жылқының еті бөлек. Жер мен көктей айырмашылық бар. Әбдіжәміл Кәрімович (Нұпейісов - ред.) Қызылорданың азаматы. «Әй, Төрегелді, маған бір соғым жеткізіп берсең» дейтін. Ұлытау нағыз Арқаның төсінде жатыр. Мақтағаным емес, Ұлытаудың етінің ерекшелігі бар екенін білеміз. Әбдіжәміл Кәрімович халықтың еркесі болып өскен адам ғой», - деген Шарманов ақсақал.

Төрегелді ақсақал осыдан 3-4 жыл бұрын бір сағаттап бассейнге барғанын, өз шама-шарқына қарай спортпен шұғылданғанын, арасында тауға шыққанын айтты.

Өзімді тамақтан шектемеймін, қазыны жақсы көремін. Қазының өзі әртүрлі. Ұлытаудың жылқысының қазысы мен Алматы жылқысының қазысы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Сондықтан Ұлытаудан арнайы тапсырыс береміз, - деген еді ақсақал.

Шарманов таңертең аш қарынға таза су ішудің пайдасына да тоқталды.

Әрине, пайдасы бар. Тамақтың бәрі суда қорытылады. Қазақтар шайды жақсы көреді, мен де жақсы көремін. Әртүрлі шай ішемін. Әкесін танытып тұрып ішемін. Үйде таңертең міндетті түрде сүт қосып бір кесе кофе ішіп аламын. Оны көп ішуге болмайды, - деді ақсақал.

Ол қазақстандықтардың денсаулығы жақсарып кетті немесе төмен қалды деп санамайтынын да айтты.

…Май жеу керек, қазақтың сары майына жететін май жоқ. Қолдың майы. Ұлытаудан бір қарын май алғызамын. Мектепте жүргенде солай болған. (...) Бұрын адамдар тек ет жейтін, қазір көкөніс пайдаланады. Халық арасындағы қарым-қатынас әсерінен өзгерді. Қазір қазақтар қайда жүр? Қазақтар Еуропада жүр, Америкада жүр. Менің балаларым да қазір Америкада тұрады. (…) Фастфудты жақсы көрмеймін, тамақты асықпай ішу керек. «Таңғы асты өзің іш, түскі асты досыңмен бөліп іш, кешкі асты жауыңа бер», дейді. Мен «жауыма түк бермеймін, өзім ішем» деймін. Барлық асты таңертең қопарып, кешке дейін аш жүруге болмайды. Асты қорытудың өз мерзімі бар. Ең бастысы – көкөніс. Барлық тамақты ішкенде көкөніс болуы керек, - дейді Шарманов.

Төрегелді Шарманов азаматтық қалыпты әрдайым сақтап қалу туралы ойлаудың да қажеті жоқ деген еді.

Азаматсың ба? Халыққа қызмет ете аласың ба? Солай болуы керек. Қазаққа қызмет ете алсаң, сен азаматтықтың нағыз төріндесің. Азаматтық деген ұғым – халыққа деген шынайы көзқарас, халық үшін еңбек ету. Қазақтың даласында өстің, қазақтан басқа Отаның жоқ. Осыны ұмытпа. Қазақсың, сенің Отаның – қазақ, – деген еді Шарманов. 

Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.

Ол денсаулық сақтау министрлігін 12 жыл басқарды. Қазақ тағамтану академиясының басшысы болды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары марапаты – Леон Бернард атындағы медаль иегері.

Медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі сарапшылар комитетінің мүшесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама