Halyq Uni логотип
×

Назарбаев әуежайына NQZ кодын беру – ақшаны далаға шашу: авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевпен сұқбат

Абыл Кекілбаев – ICAO Орталық хатшылығында жұмыс істеген алғашқы және әзірге жалғыз қазақ

 Айгерім Таубай 26.05.2024 | 12:10

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының коды 2020 жылы сәуірде NQZ болып өзгерді. Оның алдында TSE болып қолданылған. Өзгеріс ресми түрде 2020 жылдың 8 маусымында күшіне енді. Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы беретін кодты ауыстырмау қажет екенін айтады. Себебі ол жүйенің жұмысына кедергі келтіреді.  

Сарапшы бұл туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Әуежайға кодты IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) береді. Ол тек IATA жүйелері үшін қажет. Жолаушы ретінде бұл кодты пайданбаймыз. Код билетте жазылып тұрады, себебі билет сату жүйесі, тарифтерді реттеу жүйесі IATA арқылы жұмыс істейді. Ал ICAO-да басқа код қолданылады. Авиадиспетчер IATA кодын пайдаланбайды, ICAO кодын пайдаланады, - дейді Абыл Кекілбаев.

Сарапшының айтуынша, әуежайдың кодын бірінші болып Баку ауыстырған. Гейдар Алиев атындағы әуежайға GYD коды он шақты жыл бұрын берілген.

«Дәл солай ережеге өзгеріс енгізіп, Астанадағы әуежайдың да коды өзгерді. Көп елдің кодын білемін, олардың елдімекеннің атауына ешқандай қатысы жоқ. Жүйенің жұмыс істейтін кодтың ешқандай маңызы жоқ. Кей жүйелерде Астананың коды бұрынғы TSE күйінде тұр. Әрі-бері ауыстыру – ақшаны бос шығындау. Бір бекітілген код жүйенің жұмысына кедергі келтірмеу үшін сол күйі қалуы керек. Оны саясатқа алып келіп, ол үшін шығындалудың қажеті жоқ. Бірақ біреу ұпай жинады, біреу өзінің керемет екенін көрсетті», - дейді авиация сарапшысы.

Айтуынша, биыл елімізде ұшақ билеті тапшы болып, бағасы да қымбаттауы мүмкін. Бұған елдегі ішкі нарықтың 70 пайызын қамтып отырған әуекомпаниясы ұшақтарының жүргізілетін тексеру тікелей әсер етеді. 

«Елімізде бір әуекомпаниясы ішкі нарықтың 70 пайызын ұстап отыр. Үкімет кезінде осы әуе компаниясының жағдайын жасау үшін ішкі нарықты қолдарына берді. Әуе компания заңнаманы да өзінің оң жамбасына келетіндей етіп жасап алған. Қазір бәрі заңға сәйкес болып көрінеді. Заңға сәйкес болғанымен, осы саладағы саясатқа сәйкес келмей отыр. Су тасқыны кезінде немесе басқа да апат болған кезде адамдарды тез арада сол жерден шығарудың орнына олар бағаны аспандатып жіберді. Бұл құзіретті органдардың қолында билік жоқ екенін көрсетеді. Президент тапсырма берді, оның өзі орындалмай қалды. Билет бағасын төмендетті деді, бірақ көптеген адам билетті алдын ала алып қойған. Оларға артық төлемді ешкім қайтарған жоқ. Демек, әуе компанияның қолына ішкі нарықты түгел беріп қойған, бірақ олардан сұрау жоқ», - дейді Абыл Кекілбаев.

Қазір Үкімет белгілі бір бағытта ұшатын рейстерді субсидиялап отыр. Сарапшының айтуынша, мұның игілігін 2-3 компания көріп отыр.

Құзіретті орган ішкі нарықты шетелден келетін компаниялардан қорғап отыр. Ол жерде «сговор» бар. «Мына бағытта сен ұшасың» дейді, ешқандай бәсекелестік жоқ. Осы механизмді пайдалану керек деген кезде бәсекелестік болатыны айтылды. Қазір қарасақ өздері таңдап алған компанияға субсидия бөліп отырады. Әуе компаниясы субсидияға үйреніп қалады, содан әрі қарай дамымайды. Себебі бәсекелестік жоқ жерде авиакомпанияға қанша ақша құйса да дамымайды. Олардың қызмет сапасы да дами алмайды», - дейді сарапшы Кекілбаев.

Сарапшының айтуынша, әуекомпаниялар өздерінің бар мәселесін әуежайларға жаба салады.

«Сондай кезеде әуежай не істерін білмей қалады. Жаңа жыл қарсаңында Алматыда рейстер кешіктірілді. Ол жерде ауа райы әсер етті. Қауіпсіз жағдайда ұшу қажет. Әуежайлар да жағдайын жақсартуы керек. Енді осы жерде саясат болуы керек деген тұжырымға келеміз. Саясат жоқ болғандықтан, әуекомпания да әуежай да білгенін істейді. Күйіп-жанып кеткеннен кейін сол жерге министр жүгіріп келеді. Ол министрдің жұмысы емес. Министр жүйені реттеп қоюы керек. Жүйе жоқ жерде осындай көзбояушылық, айғай-шу көтеріліп отырады», - дейді Абыл Кекілбаев.

Абыл Кекілбаев Air Astana әуекомпаниясының 20-ға жуық ұшағы қозғалтқышына байланысты тексеруден өтетінін айтты. Соған байланысты рейстер саны қысқарып, ол бағаға да әсер етуі әбден мүмкін.

Биыл кей ұшақ жұмысы тоқтатылып, тексеруден өтеді. Ол қанша уақыт алатыны белгісіз. Адамдар әрі-бері көп қатынайтын уақытта бұл мәселені қалай шешетінін білмей отырмыз. Билет тапшы болса, баға көтеріліп кететіні белгілі. (...) Әсіресе жазда билет құны өте қымбатқа түседі, - дейді сарапшы.

Соған байланысты Абыл Кекілбаев қазақстандықтарға бірнеше ай бұрын қамдануға кеңес берді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама