×

Астана әуежайы жөндеу жұмысына байланысты табыс көзінен айырылды – сарапшы

 Айгерім Таубай 24.05.2024 | 15:31

Астана әуежайы 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 24 желтоқсанға дейін түнгі рейстерді қабылдамайды. Сондай-ақ кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін ұшақтар ұшып шыға алмайды. Бұған әуежайдың ұшу-қону жолағына жүргізілетін күрделі жөндеу себеп болған. Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев бұл өзгеріс әуежайды негізгі табысынан айырғанын айтады, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Еуропа мен Азияға баратын рейстердің көп бөлігі түнде ұшады. Бұл жүйеге айналып кеткен. Сондықтан шетелге ұшатын рейстің көбінен айырылдық. Олар басқа әуежай арқылы ұшады. Ол рейстер басқа уақытқа ауысқанымен, арғы жақтағы басқа рейстерге уақыты сәйкес келмейді. Бұл – жолаушылар рейсі. Ал жүк тасымалдайтын рейстің бәрінен айырылдық. Себебі жүк тасымалдайтын рейстер уақытқа емес, рейстің санына байланған. Яғни, күндіз-түні ұша береді. Техникалық жағдайын Астана әуежайында реттеп алып, әрі қарай Еуропаға ұшып кететін ұшақтар түнде ұшады. Олардан да айырылдық. Жүк тасымалдайтын рейстер Астанада әуежайын бағып отырды, - дейді Абыл Кекілбаев.

Айтуынша, жүк тасымалдайтын рейстер – әуежайдың негізгі табыс көзі. Ал ішкі нарықтағы рейстердің тарифтері жүйеленген.

«Ішкі нарықтан түсетін пайда әуежайдың жұмыс істеп тұруын қамти алмайды. Инвесторлар жөндеу жұмыстары аяқталғанша әуежайды өз қаражатына ұстап отырады деген үлкен үміт бар. Бірақ әуежайдағы күрделі жөндеу жұмыстарының биыл аяқталатынына күмәнім бар. Ол келесі жылға да ауысып кетуі мүмкін», - дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама