Сауда және интеграция вице-министрі мәселені шешуге болатынын жеткізді
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан үкіметі мен Қырғыз министрлер кабинеті арасындағы «Қарасу» – «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасын Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев таныстырды.
«Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары және Қазақстан мен Қырғыз жоғары мемлекетаралық кеңесінің 6-отырысының қорытындысы бойынша мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға, оның ішінде қос елдің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, былтыр 9 маусымда Астанада кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған.
Кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері жанында орналасады және өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұрады. Кешенде сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасалады.
Кешенді құру Қырғызстанмен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейді, - деді Қайрат Төребаев.
Келісімге сәйкес, индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасады.
«Биыл 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялады, ол кейін кешенді басқарады және оның резиденттеріне сервистік қызмет көрсетеді. 19 сәуірде конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда өтінім болмауына байланысты бұл конкурстер кейінге қалды. Биыл мамырда қайта конкурс жарияланады.
Кешенді салудан басқа, әлеуетті инвестордың алдына инженерлік инфрақұрылымды (газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализация, телекоммуникация, қоршау, абаттандыру) жүргізу бойынша міндеттер қойылған. Кешенді салу бойынша одан әрі жұмысты жергілікті атқарушы орган инвестормен бірлесіп жүргізеді», - деді вице-министр.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жобаға миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы қатысып жатқанын жеткізді.
«Қайрат Қалмұқаметұлы, бұл мәселе комитетімізде шу шығарды. Менің сұрағымды жақсы білесіз. Бұл жобаның артындаТимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы тұр. Мұны мен комитеттің жиналысында айтқанмын. Бастапқы жоба бойынша 36 га жер "Жоин Техноложи" компаниясына рәсімделген, ал "Жоин Техноложи" құрылтайшысы – "Кипрс" ЖШС. Шу шыққан соң сіздер өзгерттіңіздер. Мен оған қуанып отырмын. Бірақ қазіргі алған құжат бойынша өзгерткен дүние былай болып тұр: Қазір 36 гектар жер "Қордай Даму" ЖШС атына рәсімделген. "Қордай Даму" ЖШС құрылтайшысы – "Трейдинг Холдинг" ЖШС. Оның құрылтайшысы – "Меркури Проперити" ЖШС. Оның құрылтайшысы – "Кипрс" ЖШС, ал "Кипрс" құрылтайшысы – Асқар Алтай Тимурович. Сіз басында "Басқаша болады. Өзгертеміз, басқа адамдар, инвесторлар келеді" деп айттыңыз. Бірақ бұрынғы инвестор сол қалпында қалған. Менің айтқаным бос әңгіме емес. Деректер eGov-тан алынды. Келісім бойынша Тимур Құлыбаев бұл жобаға ақша құйса, ертең жобаға басқа инвестор келуі мүмкін бе? Тимур Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?», - деді депутат.
Министрдің орынбасары мәселені шешуге болатынын жеткізді.
«Бақытжан Жұмабекұлы, алдын ала жұмыс бірнеше компаниямен атқарылды. Сіз айтып кеткен компания осы жобанының негізі мәселелерін талқылауға, даярлауға көмектесті. Енді сіз конкурс комиссиясында отырсыз. Сіз айтқан инвесторды таңдау мәселені сол конкурс комиссиясында реттеуге болады. Егер күмәніңіз болса, конкурс комиссиясында осы мәселені көтеріңіз», - деді Қайрат Төребаев.
Бақытжан Базарбек тағы сұрақ қойды.
Демек мен конкурс комиссиясының мүшесі ретінде "Ертең Тимур Құлыбаевтың "Кипрс" компаниясы инвестор болмасын, басқа компания инвестор болсын" десем, конкурс комиссиясы сондай шешім шығара ма?, - деп депутат сұрағын нақтылады.
Вице-министр конкурс комиссиясында Сауда және инвестиция министрлігі жоқ екенін жеткізді.
Комиссияда мәслихат және мәжіліс депутаттары бар. Сіздің сөзіңіз жерде қалмайды. Конкурстың басқа мүшелерімен (инвестор) таңдалады деп пайымдаймын, - деді министр орынбасары.