×

Астанада прокурорлардың көмекшілері такси болып ақша тауып жүр – Есқараев (ВИДЕО)

Қазір сол жігіттерге бастық бол десеңіз де келіспейді

 Халық үні 15.05.2024 | 10:44

Прокуратура саласындағы жалақының аздығынан прокурордың көмекшілері такси болуға немесе даяшы қызметіне ауысуға мәжбүр. Бұл пікірді «Сұрауы бар» Youtube-арнасына сұхбат берген адвокат Мәкіш Есқараев айтты.

Прокурор-прокурор деп шулаймыз. Мына Есіл ауданында прокурордың көмекшілері, яғни пагон тағып, сотқа қатысып жүрген жігіттер күндіз прокуратурада жұмыс істейді, түнде такси болып жүреді. Себебі олардың жалақысы – 200 мың теңге. Астана үшін бұл көп ақша емес. Қазір 1 бөлмелі пәтердің өзін алу үшін айына 200 мың теңге төлейсіз. Яғни, бүкіл айлығын бала-шағасы үшін баспанаға береді. Күнкөріске такси арқылы қаражат табады, - деді адвокат.

Оның айтуынша, ескі жүйені қайта қарамаса, мұндай жалақы жемқорлыққа немесе мамандардың мемлекеттік қызметтен кетуіне әкеп соқтырады.

Жақсы жұмыс істейтін жігіттердің көбісі жемқор болғысы келмегендіктен, мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр. Қазір сол жігіттерге бастық бол десеңіз де келіспейді. Неліктен десеңіз, 200-300 мың теңгеге бола жұмыс істегісі келмейді. Астана қаласы Есіл ауданы прокурорының «Яндекс таксиде» түнде такси болып жүргені – ұят.

Семейде прокуратурада жұмыс істейтін бала жұмыстан шығып, кафеге даяшы болып орналасты. Себебі даяшының жалақысы Семей қаласы прокурорының көмекшісінің жалақысынан көбірек», - деді Мәкіш Есқараев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама