Бишімбаевқа кешірім жасау үшін жәбірленушінің келісімі міндетті емес – адвокат
Судья «жасы 60-қа келген кісінің енді қоғамға қаупі жоқ» деген шешімге келіп жатса, босата алады
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа кешірім жасау үшін жәбірленуші тараптың келісімі қажет емес. Бұл пікірді «Сұрауы бар» Youtube-арнасына сұхбат берген адвокат Мәкіш Есқараев айтты.
Шартты түрде мерзімінен босаудың бірнеше талабы бар. Оның негізгісі – жәбірленушінің келісімі. Бишімбаев 16 жылдан кейін өтініш жасаса, босайды деп ойламау керек. Тек 16 жылдан соң ғана оның мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасау құқығы пайда болады. Бұл жерде де сот болады. Оған жәбірленуші тарап, Бишімбаев жазасын өтеп жатқан мекеменің әкімшілігі, прокурор қатысады. Сол жерде жазасын өтеуші өзінің өтінішін жария етеді. Одан кейін төрағалық етуші сот жазаны өтеп жатқан мекеменің өкілінен оған қандай баға беретінін және жәбірленушінің ойын сұрайды. Соңында прокурор өзінің қорытындысын айтады. Кейін сот кеңесу бөлмесіне кетіп, өзінің шешімін қабылдайды, - деді Мәкіш Есқараев.
Адвокаттың айтуынша, сотталушыны мерзімінен босатуға жәбірленуші тараптың келісімі қажет емес.
Міндетті түрде жәбірленушінің келісімі керек» деген заңға тура келе қоймас. Тәжірибеде жәбірленушінің позициясын ұстанамыз. Бірақ шешімді сот қабылдайды. Жазаның түпкі мақсаты – сотталғандардың қайтып келгенде қоғамға қауіпті болмауы. Сондықтан 16 жылдан кейін органдар дұрыс баға беріп жатса және судья «жасы 60-қа келген кісінің енді қоғамға қаупі жоқ» деген шешімге келіп жатса, онда ол босата алады. Кешірімді беру немесе бермеу – жәбірленушінің субъективті бағасы. Жәбірленуші келісім берсе ғана босатады деген дұрыс емес. Ең бірінші түпкі қағида – адамның дұрысталуы, жазаның жеткілікті болуы, - деді ол.
Сондай-ақ егер 16 жылдан соң сот Бишімбаевтың өтінішін қанағаттандырмаса, ол қандай құқықтық әрекет жасауы мүмкін екені де айтылды.
«Егер 16 жылдан соң жасаған кешірім туралы өтінішін сот қанағаттандырмаса, сот қаулысы күшіне енгеннен кейін әр 6 ай сайын оның өтініш жасауға құқығы бар. Қазіргі заңнамада осындай құқық көрсетілген», - деді Мәкіш Есқараев.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.