Украинаға соғыс ашқан адамдардың бәрі жауап береді
Осы күндері Украинада Ресей қарулы күштерімен жергілікті әскер ғана емес, түрлі қарулы құрылымдар да шайқасып жатыр. Солардың бірі – мұсылмандардың еріктілер батальоны. Бұл құрылымның негізін Иса Ақаев есімді азамат қалаған. Ол 13 баланың әкесі. Жасы 57-де.
«Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында ол: «Мен тек үйіме, Қырымға ғана оралғым келеді», – деген екен.
Иса Ақаев сол үшін Ресей басқыншыларына қарсы қолына қару алып, соғысып жатыр. Өзі тұтас бір батальонды құрған. Ол Ресей 2014 жылы Қырымды Украинадан тартып алғанда, Киевке көшіп барып, «Қырым» атты батальон құрды. Әуелі батальон шағын отрядтардан құралған. Оның құрамына кіргендердің көпшілігі – Қара теңіз жағалауында тұратын қырым татарлары болған.
24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде батальонның 50 адамы Киев облысы төңірегіндегі шайқастарға қатысты. Қазір олар Қырыммен шектесетін Херсон облысында соғысу үшін оңтүстік майданға аттануға дайындалып жатыр.
«Біздің мақсатымыз – Қырымды қайтарып алу. Бірақ, соғыстың басында Херсон облысының көп бөлігі Ресейдің бақылауына өтіп, украин күштері түбектен 100 шақырымға ығыстырылғаннан кейін, бұл мақсатқа жету бұрынғыдан да қиын болып тұр», - деді ол.
Дегенмен, Ақаев Қырымның күндердің бір күні Украинаға қайтып оралатынына сенімді.
«Біз Қырымды қайтармайынша, тоқтамаймыз. Үйімізге қайтып ораламыз. Бауырларымыз бен апа-қарындастарымызды, балаларымызды өлтіргендердің барлығы жауап береді. Басқыншылардың жағына шыққандар да жауаптан жалтара алмайды. Олар еш жерге, ешқайда жасырына аламйды. Бәрін табамыз. Бәрі жауап береді. Оған ешкім күмән келтірмесін. Аллаһқа ант етемін! Бәрінің сұрауы болады», - деді Ақаев.