×

«Беделімізге нұқсан келтіреді». Үкімет басшысы такси жүргізушілерін сынға алды

Қарабайыр түсінікті өзгертіп, салада реформа жүргізу керек

 Дәурен Ерболат 14.05.2024 | 12:32
фото: Halyq Uni

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сапалы қызмет көрсетуді емес, тек ақшаны ойлайтын такси жүргізушілерін сынға алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр алдымен Қазақстанда туризм дамымай жатқанын атап өтті.

Бәсеке жоқ жерде сервис сапасының да ақсай беретіні анық. Туристік бизнесте «демалуға қайтсе де келеді» деген қарабайыр түсінік қалыптасқан. Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді. Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны – қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Оның пікірінше, елімізде туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар.

«Сондықтан мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдаланып, қолжетімді бағамен сапалы сервисті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты. Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады. Ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауға тиіс», - деді премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы шалғай орналасқан туристік аймақтарда шағын авиацияны дамыту өте өзекті екенін жеткізді.

Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес. Шағын инфрақұрылым салса, жетіп жатыр. Мұндай техникамен Өскеменнен Қатон-Қарағайға немесе Рахман қайнарына тезірек жетуге болады. Бұл табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған байланысты көлік және туризм министрліктері мен әкімдіктер демалыс аймақтарындағы инфрақұрылым жобаларының аяқталуын қамтамасыз етсін, - деді Олжас Бектенов. 

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде шетелдіктер үшін арнайы виза әзірленіп жатқаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама