Енді ғалымдарға бюрократиялық кедергі болмайды – Асхат Аймағамбетов
Заң жобасы Парламенттің жалпы отырысындағы екінші оқылымда қаралады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстан ғалымдары көптен бері күткен жаңалықты айтты.
Ол жақында заң шығару органындағы өзі төрағалық ететін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасына берген түзетуді жұмыс тобы қабылдағанын, енді ғылыми зерттеулер жасау үшін қажетті тауарларды сатып алу үшін айлап, тіпті, жылдап созылатын бюрократиялық кедергінің алынып тасталатынын атап өтті.
Мысалы, реактивтер мен жұмсалатын материалдарды сатып алу процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. Бұл сатып алу рәсімдеріне енді бюрократиялық кедергі мүлде болмайды.
Қазір ғылымда мемлекеттік сатып алу ісі өте бюрократияланған. Зерттеулер үшін қажетті материалдарды алу үшін өтініш кафедра меңгерушісінен бастап, декан, проректор және мемлекеттік сатып алушыға дейін көптеген инстанциялардан өтуі керек. Одан кейін тендер жарияланып, ол айларға, тіпті жылдарға созылады. Ал ғылым үшін әрбір күн маңызды болғандықтан, мұндай қиындықтар зерттеуді толықтай мағынасыз етеді.
Енді жаңа түзетулер ғалымдарға бюрократиялық кедергі жасамайды.
Бұдан былай сатып алулар Мемлекеттік сатып алу заңымен емес, уәкілетті министрліктің бекіткен арнайы ережесімен реттеледі. Бірақ бұл мәселені шешкенде, біз сыбайлас жемқорлықтың да алдын алуымыз керек. Сондықтан ашықтық пен цифрландыру арқылы бұл талап орындалатын болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пікірінше, бұл өзгерістер бюрократиялық кедергіні алып тастап, ғалымдарға зерттеулерді жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Ғалымдар енді ресурстарды күтуге көп уақыт жоғалтпайды.
Әкімшілік кедергілер азайған кезде, ғалымдар тек қана инновациялар мен ғылыми ізденістерге назар аударатын болады.
Осы мәселе бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірнеше рет тапсырма берген. Сонымен қатар АMANAT партиясы да өз сайлауалды уәделерінде осы мәселені шешу туралы айтқан болатын, – деді депутат.
Сондай-ақ ол заң жобасының сәрсенбіде Парламенттің жалпы отырысындағы екінші оқылымда қаралатынын айтты.