Halyq Uni логотип
×

Команда Олимпиадаға жақсы дайындалып жатыр – Мырзағали Айтжанов

Боксшылардың әрқайсысы 3-4 рет шаршы алаңға шығады, – деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 10.05.2024 | 12:20
Команда Олимпиадаға жақсы дайындалып жатыр – Мырзағали Айтжанов
Фото: Olympic.kz

Бокстан Қазақстан құрамасы 13-18 мамыр аралығында Астанада өтетін «Елорда кубогы» турнирі қарсаңында БАҚ өкілдеріне арнап ашық жаттығу жиынын өткізді.

Жиынға ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшыларының бәрі қатысып жатыр. Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов БАҚ өкілдеріне Олимпиадаға дайындықтың қалай өтіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, команданың «Елорда кубогы» турнирі мен Олимпиадаға дайындығы жақсы.

«Елорда кубогы» – елімізде өтетін ең ірі халықаралық турнирлердің бірі. Бұл сынға жыл сайын дүниежүзінің мықты деген боксшылары жиналады. Бірақ биыл боскшылар Олимпиадаға қатысатын болған соң, әр елдің құрама командасы Олимпиадаға іріктеу турнирлеріне өз елдерінде дайындалып жатыр. Сондықтан біраз елдің боксшылары келе алмайды. Турнирге жалпы есебі 8 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері келеді деп жоспарланып отыр. Осының өзі біздің Парижге баратын боксшылар үшін үлкен пайда. Әрқайсысы 3-4 рет шаршы алаңға шығып, Олимпиадаға дайындығын бір саралап алады, – деді ол.

Бас жаттықтырушы бұған дейін Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында шет ел боксшыларымен бірге жаттыққанын айтты.

Бұл жиынға Өзбекстан құрамасынан Олимпиадаға баратын 4 жігіт қатысты. Тәжікстанның бір өкілі, Куба құрамасы келді. Жаттығу жиыны кішігірім әлем чемпионаты өткендей әсер қалдырды. Өйткені онда  Олимпиадада бақ сынайтын спортшылар жиналып, дайындалды. Жаттығу жиыны бәріне де пайдалы болды. Біздің мақсат – Олимпиада. Боксшылар онда жақсы өнер көрсету үшін барын салып, дайындалып жатыр, – деді маман.

Мырзағали Айтжановтың айтуынша, «Елорда кубогы» турниріне ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады. Олардың арасында Олимпиадаға лицензия алған Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (81 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) бар.

Турнирде Қазақстан құрамасы кем-кетікті тағы бір рет анықтап алады. Әзербайжан мен Жапониядан Олимпиадаға қатысатын боксшылар келеді. Бірақ Өзбекстан командасы олимпиялық құрамын жіберген жоқ. Ол елден де мықты боксшылар қатысады. Олар Ресейде өтетін халықаралық турнирге барады.

«Елорда кубогы» халықаралық турниріне Қазақстан сапынан 60-қа жуық боксшы қатысады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама