Энергетика министрі Дәурен Абаевтың мәлімдемесіне пікір білдірді

Дәурен Ерболат

Мемлекет басшысы бұл бағытта саяси шешім қабылдады

фото: primeminister.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевтың АЭС туралы мәлімдемесіне түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін елші ТАСС басылымына берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум жыл соңына қарай өтуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Бұл мәселені референдумға шығарып отырмыз. Қазақстанда атом энергиясына қатысты белгілі бір фобия бар. Семей ядролық полигоны ұзақ уақыт бойы Қазақстанда орналасты. Ол республика тарихында үлкен ақтаңдақ болып қалды. Бұл жарылыстардың салдарымен әлі де күресіп келеміз. Сондықтан бұл – Қазақстан үшін өте бір «жанды» мәселе. Бұл мәселе референдумнан кейін шешіледі, - деген еді Дәурен Абаев.

Бүгін Үкімет отырысы басталмас бұрын журналистер Энергетика министріне «Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев таяуда берген сұхбатында атом электр станциясы бойынша референдум жыл соңында өткізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл қаншалықты рас ақпарат?» деген сұрақ қойды.

Алмасадам Сәтқалиев референдумға қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын жеткізді.

БАҚ-та әрдайым «Сәтқалиев референдум осы кезде өтеді деп айтты» деген ақпарат жиі шығады. Сол басылым ресми түрде кешірім сұрауға тиіс деп есептеймін. Себебі мен «заңнамаға сәйкес» деп сөйлеп, халықтың талабы мен жігері ескерілетінін айттым. Мемлекет басшысы бұл бағытта саяси шешім қабылдады. Біз соған сәйкес референдум өткізумен айналысамыз, – деді министр.

Алайда ведомство басшысы қай БАҚ-тың кешірім сұрауы керегін нақтыламады.