«Қылмыскер өлім жазасына кесілді»: қызметте қаза тапқан полицей Жирентаевтың жесірімен сұқбат
Жанайдар Жирентаев 1994 жылдың ақпанында 33 жасында дүниеден өтті
Астананың оң жағалауында Жанайдар Жирентаев көшесі бар. Бұл көшеге қызмет барысында қаза тапқан полицейдің есімі берілген. 1994 жылдың ақпанында Ақмола қаласында атыс болып, 33 жастағы полицей қаза тапты. Марқұм Жанайдар Жирентаевтың артында әйелі мен екі қызы қалды. Сол қайғылы жағдайдан кейін арада 30 жыл өтті. Қанша уақыт өтсе де, ер есімі ел есінде. Halyq Uni тілшісі Отан қорғаушылар күніне орай марқұм полицейдің әйелі Назкен Жирентаеваның жағдайын білді.
ШЕШІМДІ СЕКУНД АРАСЫНДА ҚАБЫЛДАҒАН
Жанайдар Ауған соғысынан жараланып келді, операция жасатты, көп уақыт емханада жатты. Ішкі істер органына жұмысқа барарында ата-анасы қарсы болған. Тоқсаныншы жылдары бандитизм өршіп тұрды. Басында механик болып жұмыс істеді. Соғыста оқ тигендіктен денсаулығы жарамады. Денсаулығына қарамастан, кіші лейтенант болып жұмысқа кірісті. Басында экономикалық қылмыстар бөлімінде, кейіннен жедел іздестіру тобы қатарында жұмыс істеді. 1994 жылдың 4 ақпаны. Сенбі еді. 5-6 ақпанда басшылыққа кіріп, қылмыстық іздестіру бөлімінің басқа бір бөлімшесін басқаруға ауысуы керек еді. Жұмысқа «бүгін соңғы кезекшілік, жолдастарыммен қоштасуым керек» деп кетті, - дейді Назкен Жирентаева.
Тоқсаныншы жылдары қалада атыс, төбелес қалыпты жағдай саналып, қылмыс өршіп тұрған. Ақпанның бір күнінде педагогикалық институт аумағында атыс болып жатқаны туралы хабар түскен. Жанайдар Жирентаевтың басқаруымен жедел жасақ оқиға орнына барған.
«Ақпанда кешкі сағат 6-7 шамасында қараңғы ерте түседі. Соған қарамастан аулада балалар, аяғы ауыр әйел болған. Жанайдар өте сақ жүретін. Ауған соғысына барған адам болғандықтан масаның ызыңын естіген кезде тұра қалатын. Оқ атылып жатқандай дауыс шығады дейтін. Ал сол жерде оқ атқан адамға қарай жүгіріп, атылған оқты кеудесімен жапқан. Сол кезде сақ жүретін адамның мұндай әрекетке қалай барғанын білмедім. Андрей Лукин (қазір Сенат депутаты – ред.) сол кезде Жанайдардың бастығы болатын. Сол кісі «миллиондаған адамның ішінде бір ғана адам осындай әрекетке бара алады, себебі секунд ішінде шешім қабылдаған» деп айтты. Әдетте адам өзін сақтап қалу туралы ойлайды, бірақ ол сол кезде өзін ойламады, аулада жүрген балаларды ойлады», - дейді Жирентаевтың жесірі.
ҚЫЛМЫСКЕР ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ
Үй ауласында оқ атқан үш адамның бірі сол сәтте кәмелет жасына толмаған. Оларға қатысты сот процесі бір жылға уақытқа созылған.
Ол кезде өлім жазасы бар болатын. Оғы тиген адам өлім жазасына кесілді. Үшеуі де сол кезде 25-ке толмаған екен. Бірақ 2-3 рет істі болғандар. Кейіннен сот үкімі орындалғанын естідім, - дейді Назкен Жирентаева.
Ал Астанадағы көшеге Жирентаевтың есімі 2002 жылы берілген. Мұндай бастаманы Ауған соғысынан оралғандар көтерген.
«Қыздарым өсті. Оқуды аяқтағанша асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыны алды. Алматы ауданы полициясы салтанатты іс-шара, спорт жарыстарына шақырып тұратын. Кейінгі жылдары көңіл бөлу азайды», - дейді әйел.
ӘКЕ ІЗІМЕН...
Жанайдар Жирентаев өмірден 33 жасында өтті. Марқұмның артында екі қызы қалды. Ол кезде үлкен қызы Әсел 11 жаста, кенжесі Динара 10 жаста болған.
Динара Қарағандыдағы ішкі істер министрлігінің академиясына түсемін деді. Оған қарсы болдым. Сонда да ЕҰУ-ды аяқтап, қаладағы полиция департаментіне жұмысқа орналасты. Болашақ күйеуімен сол жерде танысты. Отбасы болғаннан кейін бұл қызметті тоқтатайын деп шешті. Дей тұрғанмен қызымыз әкесінің жолын жалғағысы келді, - дейді Назкен Жирентаева.
Назкен Жирентаева ішкі істер органдарының жұмысына құрметпен қарайтынын жеткізді.
«Отан алдындағы жауапкершілік, азаматтық борыш... Бұл саланы, осы салада жұмыс істейтін адамның бәріне құрметпен қараймын. Себебі таңнан кешке дейін жұмыста болады, отбасын, баласын көрмейді. Демалыста, мерекеде де жұмысқа шығады. (...) Қызмет барысында әлі күнге дейін полицейлер қайтыс болып жатыр. 5 баласымен жесір қалғандар бар. Оларға Үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Әкесіз қалған балаларға міндетті түрде грант бөлінуі керек. Өйткені оның әкесі өз Отаны үшін өз өмірін қиды. Отан да сол отбасыға, сол балаға жақсылық жасауы керек», - дейді Жирентаева полицейлер туралы.
ЖЕСІРЛЕРДІ АЛАЛАУ
Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына өтемақы төленеді. Ол «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-баптың 9-тармағы) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-баптың 4-тармағы) заңда айқындалған. Заңға 2022 жылдың шілдесінде өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді.
Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін қос бірдей заңға енгізілген жаңа тармақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін қайтыс болған қызметкердің отбасы мүшелері үшін қолданылады. 2022 жылға дейін дейін күйеуінен айырылған әйелдер үкімет жетімдер мен жесірлерді бөліп жатыр деп, Halyq Uni тілшісіне базынасын айтты.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес қызмет барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына марқұмның соңғы жалақысының 40%-ы көлемінде жесіріне өмір бойына төлем жасалады. Ұл-қызы 23 жасқа толғанша материалдық көмек көрсетіледі. Алайда отбасының асыраушысы 2022 жылға дейін қайтыс болған әйелдер мұндай көмекті ала алмайды.