Қуандық Бишімбаевтың сотқа уақытында жеткізілмеуі: ІІМ тексеріс жүргізіп жатыр
«Бишімбаев өзіне қол салмақ болды» деген ақпарат расталмады
Биыл 29 сәуірде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотқа уақытында жеткізілмеуіне байланысты қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс кулуарында ІІМ өкіліне «29 сәуірде айдауылдар неге экс-министр Қуандық Бишімбаевты сотқа уақытында әкеле алмады? Қандай мәселе туындады?» деген сұрақ қойылды.
Айдос Рысбаев тексеріс жүріп жатқанын атап өтті.
Себебі техникалық мәселе болды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Ол аяқталсын. (Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың сотқа уақытында жеткізілмеуіне, – автор) көлік себеп болған. Ол от алмауы, бұзылуы немесе дөңгелектің желі шығып кетуі мүмкін, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары «Қуандық Бишімбаев өзіне қол салмақ болды» деген ақпаратты растамады.
«Мұндай ақпарат жоқ», - деді Айдос Рысбаев.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі 2024 жылдың 24 сәуірінде аяқталды. Жарыссөз 29 сәуір сағат 10:00-де басталуы қажет еді, алайда сотталушы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов сот залына уақытылы жеткізілмегендіктен, сот отырысы сағат 14:30-ға шегерілді. Жарыссөз басталмастан бұрын айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауға қатысты өтінішхат жасады.