Артық жүктеме мен бюрократия: Сарапшылар Тоқаевтың министрлікті бөлу туралы ұсынысын талқылады
Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлу туралы мәселе көтерді
Кешеден бері Қазақстан қоғамы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлу туралы пікірін қызу талқылап жатыр. Басым көпшілігі бастаманы қолданағымен, оған түбегейлі қарсы пікір айтып жатқан сарапшылар да бар.
Еске сала кетейік, 1 маусымда Алматыда Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиындағы сөзінде салалық министрлікті екіге бөлу туралы айтты.
«Елдегі ғылыми қызметті үйлестіруді күшейту үшін салалық министрлікті екі ведомствоға бөлу керек деп есептеймін, олардың бірі жоғары білім және ғылым мәселелерімен айналысады», - деді президент.
Президент бұл шешім қазақстандық ғылымды жан-жақты дамытуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады деген пікірде.
Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің жүктемесі мен оны бөлу туралы мәселе 2020 жылдан бері айтылып келеді.
«МҰНДАЙ ЖҮКТЕМЕ БІРДЕ-БІР МИНИСТРЛІКТЕ ЖОҚ»
Білім сарапшыларының қазақ лигасының басшысы Гүлнәра Әбішеваның пікірінше, Қазақстандағы ведомстволардың ішінде ең көп жүктеме Білім және ғылым министрлігіне тиесілі.
«Екіге бөлгеніміз дұрыс. Білім саласында бір министрлік бес бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Мұндай жүктеме бірде-бір министрлікте жоқ. Мектепке дейінгі білім, мектеп, колледждер, ЖОО мен ғылым сонда. Президенттің министрлікті екіге бөлу керек дегені өте дұрыс. Осы уақытқа дейін министрлік мектептерге көп көңіл бөлді, ЖОО мен ғылым назардан тыс қалып келді. Ал олардың ерекшелігі бөлек, сондықтан бөлек шықса ведомство біраз жеңілдеп қалады», - деді ол.
Сарапшы әр сала өз бетімен бөлініп жұмыс істесе, өте тиімді нәтиже береді деп есептейді.
«Тек мектеп жүйесінің өзінде 3 миллионнан астам бала бар. Бұдан бөлек, бүгінде 800 мектеп жетпей тұр. Жыл сайын бала саны көбейіп келеді. 2025 жылға қарай бастауыш мектепте қосылатын бала саны 18-20 пайызға артады. Демек, бір ғана мектеп білімі бойынша жұмыс көлемі артады деген сөз. Сонымен бірге елдегі ЖОО-лар ғылыммен бірге қол ұстасып жұмыс істеуі керек. Бізде бұл екеуінің арасы соңғы жылдары алыстап кетті», - деп толықтырды сарапшы.
Сарапшының айтуынша, бір бағытта жұмыс істейтін саланы бөлу кезінде бірқатар қиындық туындауы мүмкін.
«Мәселен, сабақтастықты сақтау жағынан қиындық болуы мүмкін. Әлі де кәсіптік бағдар беру, ЖОО мен мектептің байланысы аз. Енді мүлде алыстап кете ме деп ойлаймын. Менің ойымша, БҒМ орнына екі министрлік болады. Ғылым академиясы - мемлекеттік мекеме емес. Бұл жерде заңды түрде мемлекетке тиесілі мекеме болуы керек. Бұл мәселе өмір талабы болып отыр. Сондай-ақ халықаралық практикада көп елдерде бұл екі сала бөлінген, қосып алған біз ғана. Нәтижесінде ауыр жүкті алып жүрміз. Сараптамадан өтті, мамандар талдады. Бұл шешім жайдан жай қабылданған жоқ», - деп қорытындылады Гүлнәра Әбішева.
«БЮРАКРАТИЯ КӨБЕЙЕДІ»
Министрлікті бөлу орта білім мен жоғары білімнің арасындағы байланысты алшақтатуы мүмкін. Белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан бұл бастаманы қолдамайтынын айтты.
«Мен мұны дұрыс шешім деп қабылдамаймын. Біріншіден, бір бағытта жұмыс істейтін бір министрлікті екіге бөлу бюрократияны арттырады. Орта білім мен жоғары білімнің арасындағы байланысты үзіп, алшақтатады. Ертең екеуінің арасында ҰБТ, грант бөлінісі сияқты бір-бірімен тығыз байланысты дүние бар. Ертең екі министрлік бір-біріне сілтеп, бірін-бірі кінәлап отырады. Біздің елде бюрократиялық кедергі онсыз да көп», - деді ол.
Сондай-ақ министрліктің қазіргі жүктемесі тым көп дегенмен келіспейді.
«Екіншіден, көп адамдар бұған әлемдік қауымдастықты, оның ішінде Түркия сияқты мемлекеттерді мысалға алып жатыр. Мысалға алмас бұрын сәл ойлануымыз керек. 80 млн халқы бар Түркия мен миллиар тұрғыны бар Қытай, басқа да адам саны көп өзге мемлекеттермен бізді салыстыруға келмейді. Біз небәрі 19 млн халықпыз. Оның ішінде оқушы саны 3,5 млн, студенттердің саны 1,5 млн айналасында. Бұл жүктеме аз, басқа мемлекеттермен мүлдем салыстыра алмаймыз. Сондықтан оны бөлу бюрократиялық барьерлерді арттырады, мемлекеттік қызметшілердің санын көбейтеді. Басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ», - деп қосты сарапшы.
Сарапшының ойынша, ведомсвто бөлінген соң бір-бірімен тығыз байланысты департаменттердің арасындағы кедергілер туындайды.
«Мен нақты білемін, ҰБТ департаменті жоғары білім министрлігіне кетеді. Ал мектеп төменгі министрлікте қалады. Ал екеуінің ортасындағы көпір - ҰБТ қалай болады? Мұндай мысалдар көп. Түсінемін, егер бізде 5 млн студент, 10 млн оқушы болса екен. Қазір БҒМ жауапты әрі кетсе 6 млн адамның айналасында қауым бар. Бұл бір министрлікке салмақ емес. Онда бүкіл 19 млн халықтың денсаулығымен айналысатын Денсаулық министрлігін де бөлуге болатын шығар. Мәселе функцияда ғой. Функция онша ауыр емес», - деді ол.
Аятжан Ахметжан ведомствоны бөлмей-ақ саланы дамытуға болатынын айтады. Ол үшін вице-министрлердің нақты жауапкершілігін арттырып, департаменттердің жұмысын жандандырып, сондай-ақ университеттердің шаруасын реттеу керек.
«Шынайтуында келгенде біз университеттерді грантпен асырап отырмыз. Қазіргі жүйеде жеке министрлік қылып бөлсе де университеттер өзгермейді. Университеттердің арасында ешқандай бәсеке жоқ. Бір универ студент іздемейді, өйткені өздігінен келетін грант бар. Мысалы, Ресейдің университеттері Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісайға, Қызылорданың Аралы мен Маңғыстаудың Бейнеуіне үгіт-насихат жүргізіп барады. Ал астанадағы университеттер қаладағы мектептерді аралап, өзіне студент іздемейді. «Мынадай мамандық ашып жатырмыз, келе қойыңдар» деп кәсіптік бағдар берумен айналыспайды. Неге? Өйткені мемлекеттің гранты бар. Сол себепті, дәл осы жүйеде жеке министрлік ашудың еш пайдасы жоқ», - деп қорытындылады Аятжан Ахметжанұлы.