Жалғыз гидрометеорология институты жабылып, утильалым компаниясына айналды – Мереке Абдрахметов

Ая Өміртай

Сарапшы Қазақстанда климаттың өзгеруін арнайы білімі бар мамандар емес, экономистер мен заңгерлер зерттеп жүргенін мәселе етіп көтерді

коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның гидрометеорологтар мен климатологтар одағының төрағасы Мереке Абдрахметов Halyq Uni журналисіне сұқбат беріп, биыл көктемгі су тасқынына нақты қандай факторлар әсер еткенін, табиғи апатқа жауапты мекемелер неден қателескенін айтып берді. Сарапшы саладағы кадр тапшылығы бар екенін, гидробекеттерде жұмыс істейтін мамандардың 100-120 мың теңге жалақы алатынын айтты.

«Біріншіден, бізде климатологтар жоқ. Мен өзім метеоролог-синоптик, ауа райын болжаушымын. Бізде климаттың өзгеруін зерттейтін арнайы білімі бар маман жоқ деуге болады. Климатолог – климаттың өзгеруін, климаттық процестерді, олардың себептері мен салдарын зерттейтін маман. Екіншіден, өзендердің, көлдердің ұзындығын, енін, тереңдігін зерттеп, оны картаға түсіретін гидрография деген сала кенже қалған. Бұрын «Қазгидрометте» арнайы мамандар айналысатын. Қазір жоқ. Құзырлы министрлік ішінде де қарастырылмаған. Өте керек мамандық», - дейді Мереке Абдрахметов.

Сарапшының айтуынша, Қазақ гидрометеорологиялық ғылыми зерттеу институты қаржы болмауы салдарынан 2000 жылы жабылып қалған. Онда 200-ге жуық зерттеуші ғалым жұмыс істеген.

Сол институтты жауып, «Жасыл Даму» АҚ-ға айналдырып жіберді. Квота, утилизациялық алыммен айналысатын компанияға берді. Дұрысы бұл компания біздің институттың базасында құрылған. Содан бері ғылыми жұмыстар мен әдістемелік зерттеулер тоқтады, - дейді одақ төрағасы.

Одан бөлек, Қазақстанда климаттың өзгеруін арнайы білімі бар мамандар емес, экономистер мен заңгерлер зерттеп жүргенін мәселе етіп көтерді.

Мереке Абдрахметовтің пікірінше, саладағы басты мәселенің бірі – метеорологиялық стансалардың, гидрологиялық бекетердің, агрометеобекетердің жетіспеуі. Қазір мемлекеттік гидрология бақылау желісі 329 бекеттен тұрады. Мамандар 800 бекет болуы керектігін айтады, яғни Қазақстанға кем дегенде қосымша 500 бекет қажет.