Halyq Uni логотип
×

Qazaq Jockey club төрағасы: Арманымыз – қазақстандық аттарды экспортқа шығару (ВИДЕО)

Жылқыны қолға үйреткен көшпенділер ұрпағымыз, бірақ ат баптайтын алаңымыз жоқ

 Халық үні 29.04.2024 | 18:00

Қазақстанда жүлде қоры бай, шетелдік ережелерге сәйкес келетін бәйге ұйымдастырылса, турист те көп келеді, аттарымызды да экспорттауға мүмкіндік туады. Бірақ ол үшін мықты инфрақұрылым керек. Ал бізде екі-ақ ипподром бар. Бұл пікірді «Ұлттық спорт қауымдастығы» Youtube-арнасына сұхбат берген Qazaq Jockey club төрағасы Мақсат Ахаев айтты. 

Әсіресе, өңірлердегі атбегілерге қиын. Жылқыны қолға үйреткен көшпенділер ұрпағымыз, бірақ ат баптайтын алаңымыз жоқ. Бұл – бізге үлкен сын. Мысалы, Францияның кішкентай елді мекендерінде де ипподром көп. Түркияның 22 ипподромы бар. Бізде икемге келетіні – осы Алматыдағы ипподром ғана. Бұл орынға аттар бәйге маусымында ғана келеді. Қалған уақытта «прокат» жылқылар иемденіп жүрген. Соларды шетке шығардық, - деп қынжылды ол.

Сондай-ақ Мақсат Ахаев Алматы ипподромында ат ұстау басқа шетелмен салыстырғанда өте арзан екенін жеткізді. Оның айтуынша, мәселен, Дубай ипподромы ай сайын 2 500 доллар төлетеді. Оның ішіне жаттықтырушының, жем-шөптің, қор тазалаушының ақысы кіреді. Ал бұл баға Еуропада – 1000-1 500 еуро, Түркияда – 800 еуро. Бізде жаттықтырушыға 50 мың, жем-шөпке 50 мың, қора тазалаушыға 30 мың теңге кетеді. Сөйтіп, бір атты ұстау 150 мың теңгені қамтиды.

Егер инфрақұрылым жақсы болса, ат ұстаушылар да көбейетін еді. Отыз жыл бұрын бізбен қатар бастаған Жапония қазір әлемдегі ең мықты жылқыларды жинады, - деп түйіндеді сөзін Мақсат Ахаев.

Еске сала кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Қазақ жокей клубы 2024 жылғы 1 мамырда Алматы қаласындағы ипподромда биыл жылдың алғашқы ат шабысын өткізеді. Билеттерді https://ticketon.kz/ сайтынан онлайн алуға болады.

Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама