Ресейге жеткізудің өзі қымбат
Қазақстанда бәйге аттарының ауруларын тексеретін толық мүмкіндік жоқ. Бұл пікірді «Ұлттық спорт қауымдастығы» Youtube-арнасына берген сұхбатында Qazaq jockey club төрағасы Мақсат Ахаев айтты.
Жылқының 7 ауруы бар. Сап, инан, лептоспироз, тұмау және тағы да вирустық аурулары кездеседі. Артрит дегені де бар. Осы ауруларды еліміздегі лабораториялар бірден тексере алмайды. Бұл да бізге өте үлкен кедергі. Қазақстан жылқыларын шетелге шығару үшін осы аурулардың тексерісінен өту керек. Біз амалсыздан осының барлығын көрші Ресейге барып тапсырамыз. Бізге осы ауруларды бір жерден тексеріп беретін зертхана керек, - деді Мақсат Ахаев.
Жокей клубы төрағасының айтуынша, ат ауруларын тексеретін зертханамен қатар, атты тасымалдаудың өзі проблемаға айналған.
Біз алыс шетелге атты ұшақпен апара алмаймыз. Себебі ондай ұшақ жоқ. Амал жоқ, Ресейге барып, сол жерден әрі қарай ұшамыз. Ресейге жеткізудің өзі қымбат. Шамамен 1,5-2 мың доллар, ал одан әрі Дубайға апару үшін 11-12 мың доллар болады, - деді клуб төрағасы.
Айта кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Қазақ жокей клубы 2024 жылғы 1 мамырда Алматы қаласындағы ипподромда биыл жылдың алғашқы ат шабысын өткізеді. Билеттерді https://ticketon.kz/ сайтынан онлайн алуға болады.
Сұхбатың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.