Шардарадағы шағын клубтан 107 әлем чемпионы шықты (ВИДЕО)
Қорадан басталған жаттығу залы бүкіл әлем таңданып қарайтын «Шардара Армспорт» клубына айналды
Биыл Түркістан облысының Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» клубына 26 жыл болып отыр. Бұл клубтың негізін 1997 жылы ауданның қазіргі әкімі Арман Қарсыбаев қалаған. Содан бері клубта армрестлингпен айналысатын жергілікті тұрғындар Әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғап, жеңістің биік тұғырына шығып, еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағымызды көтеріп келеді.
Бүгін біз клубтың қазіргі тынысымен танысу үшін «Шардара Армспорт» ұжымының пиар менеджері, жаттықтырушысы әрі спортшысы, қол күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мағжан Шамиевпен хабарласқанымызда, ол қазір клубта 500-ден аса спортшы армрестлингпен айналысатынын, онда 35 жаттықтырушының жұмыс істейтінін айтты.
Сонымен бірге оның айтуынша, клубта қол күресінен басқа гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, асық ату, ядро мен найза лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг спорт түрілері де бар.
-Қазір «Шардара Армспорт» еліміздің беткеұстар клубына айналып, елдің атын айдай әлемге танытып келеді. Бұл клубты аудан әкімі Арман Қарсыбаев ашқан екен. Оны өзіңізден жаңа ғана естіп, білдім. Қазір де аудан әкімі клубқа келіп, жаттыға ма?
-Иә, Арман ағайымыз клубқа келіп, жаттығу жасап тұрады. Өзінің ақыл-кеңесін айтып, бізге жол көрсетіп келеді.
Ұлағатты ұстазымыз Арман Романұлы 1997 жылы Шардада ауданында тұңғыш осы спортты алып келген болатын. Алғашында темір-терсектерден, шойын батареялардан, ДТ тракторының дөңгелектерін құрастырып, өз қорасында жаттығып бастаған ұстазымызды көрген ауыл жастары қызығып, көптеп осы спортқа қатыса бастаған. Міне, қазіргі таңда сол қорадан басталған жаттығу залы бүкіл әлем таңданып қарайтын «Шардара Армспорт» клубына айналды.
Ұстазымыз қазір өзі жұмыс уақытынан кейін клубқа келіп, жаттығу жасап, ақыл-кеңесін айтып отырады.
-Клубтың құрылғанына 27 жыл болады екен. Осы уақытта Шардарадан неше әлем чемпионы шықты?
-107 әлем чемпионы шықты. Әлем чемпионаттарының 106 жүлдегері де Шардара ауданында туып-өскен. 31 Әлем кубогының, 75 Азия кубогының иегері, 327 Азия чемпионы, Қазақстанның 500 чемпионы, халықаралық турнирлердің 85 жеңімпазы да бар. 75 адам халықаралық спорт шебері. 130 адам спорт шеберлігіне кандидат болып отыр.
Біздің клубта қыздар мен әйелдер де мектеп оқушылары да жаттығады. Балаларға арнайы автобус қарастырылған. Клубта спорт түрлерімен күніне екі мезгіл жаттығады. Түстен кейін және кешке жаттығулар болады.
-Соңғы әлем чемпионатында клубтың спортшылары неше медаль алды?
-Әлем чемпионатына соңғы рет былтыр қатысқанбыз. Алматыда әлемдік дода болған. Онда біздің клубтың спортшылары 28 алтын медаль жеңіп алды. Оның ішінде жасөсірімдер мен жастар да болды. 2022 жылы Түркияның Анталья қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатына да қатыстық. Анадолы елінде 29 алтын жүлдені жеңіп алдық.
Біздің клубқа алыс-жақын шетелден келіп, тәжірибе алмасып кетеді. Мысалы, Шардара ауданына АҚШ-тан, Хорватия, Малайзия, Латвия, Франция, Оңтүстік Корея, Грузия, Украина, Ресей елдерінен спортшылар мен жаттықтырушылдар көптеп келіп жүр.
-Клубта жаттығып, әлем чемпионы атанудың қандай сыры бар? Мүмкін, біз білмейтін әдіс-тәсіл бар шығар?
-Иә, өзіміз білетін метод, яғни әдіс-тәсіл бар. Оны кезінде Арман ағайымыз ойлап тапқан. Әлі күнге дейін сол әдіс-тәсілмен дайындаламыз. Арман ағайымыз бізге: «Жақсы чемпион болудан бұрын, жақсы адам болу міндет», дейді. Клубтан чемпиондардың көптеп шығуының басты себебі, бізде тәртіп бар. Яғни, дисциплина, тәртіп болған жерде адам алаңсыз сүйіксті ісімен айналысып, көңілін еш жерге ауламайды. Жаттықтырушылар да адамның көңілін тауып, жақсы дайындайды.
Мағжан Шамиевтің бізге берген шағын сұхбаты осы. Оның айтуынша, қазір армрестлинг Шарадара ауданында ең танымал спорт түрі. Онымен айналысқысы келетіндер де күн өткен сайын көбейіп келеді. Оның арасында балалар мен жасөсіпірімдер де бар.
Қазір армрестлингтен Қазақстан құрамасының тең жартысынан көбі Шардара ауданының спортшыларынан жасақталған. Олар жарысқа барған сайын міндетті түрде жеңіс тұғырынан көрініп келеді.