«Кету – ажырасу емес»: психолог ерлі-зайыпты арасындағы жанжал көбіне неден шығатынын айтты

Айгерім Таубай

Егер ер адам қатесін мойындаса, психологпен жұмыс істеуге бағыттаған жөн

Коллаж: Halyq Uni

Жақында мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды. Сондай-ақ қазақстандықтар азаматтық некедегі әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айыппен сотқа тартылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін онлайн форматта бақылап отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осы тұса Halyq Uni тілшісі отбасы мәселелері жөніндегі психолог Ержан Мырзабаевтан ерлі-зайыптының арасында туындайтын жанжалдың себептері мен Бишімбаев сотының адамдардың психологиясына қалай әсер ететінін сұрады.

«Жанжалдасқан екі адамның бір-бірін сүйіп үйленгенін ескеруіміз керек. Өмірдің белгілі бір уақытында сілкініс болып, көзқарас өзгеріп, жанжал жиіледі. Жанжалды дұрыс шеше алмағандықтан, шешу жолын білмегендіктен, агрессияға барады. Психолог ретінде қай жерде дұрыс емес кетті, қай жерде сілкінді, қай фактор әсер еткенін жіліктеп талқылаймыз. Агрессорға қол көтермей, мәселені шешу жолдарын үйретеміз. Біріншіден – әйелдің айтып жатқан сөздерін жай «миымды ашытып жатыр» деп қарамау. Өйткені әйел сөйлеп жатқан кезде «аузыңды жап, болды, сөйлеме» деу арқылы өзіңізді бір шеңберге салып жатырсыз. Бір шеңбердің ішінде болғандықтан, жарыласыз. Ол сәтте «әйелім сөйлеп жатыр, оны түсінбей жатырмын» деп, ойланып, сөйлесуі керек. Әйелді уақытында тыңдап, мұң-мұқтажын естіген кезде бұл әрі қарай жанжалға ұласпайды. Көп ер адам осы тұрғыдан әйелді тыңдауды білмейді. Әйелді тыңдағысы келмейді, әйел тыңдауға лайық емес деп санайды», - дейді Ержан Мырзабаев.

Айтуынша, әйелдер көп жағдайда тұрмыстық мәселелерді қозғайды. Оның ішінде жұмыс істеу, балаға қарау секілді шешімі бар мәселені көтереді.

Әйелдер көп жағдайда қарапайым қоғамдық-тұрмыстық мәселені айтады. Жұмыс істемесе, жұмыс істе дейді. Бала тәрбиесіне атсалыс, маған көңіл бөл дейді. «Туыстарың, ата-анаң араласып жатыр» деп айтатын жағдай кездеседі. Ер адам мұндай жағдайда «сен әйелсің, орныңды біл» деп басып тастауға тырысады. Ер азаматтың қолынан келмейтін дүние емес, екі адамның отырып шеше алатын қарапайым дүниені айтады. Бір қызығы ер азаматтар өзара сөйлескен кезде бір-бірін отбасын сақтап қалуға үгіттеудің орнына, әйелімен әрі қарай шағыстыратынын байқаймыз, - дейді маман.

Ал әйелдер бір-біріне «шыда» деген сарындағы кеңес береді.

Психолог Ержан Мырзабаев ер адам қол көтерсе, бірден кету керек екенін айтады.

Бір ұрғаннан-ақ кету керек. Сол сәтте заттарды жинап, бала-шағаны алып, кету керек. Ол жерде агрессорға «мен мұндай қарым-қатынасқа төзбеймін, шыдамаймын» дегенді осылай айтады. Кету – ажырасу емес. Кеткеннен кейін екі адам екі бөлек тұрады. Агрессордың ашуы басылып, істегеніне өкінеді. Содан кейін кешірім сұрайды. Сол кезде қол көтерген адамды жазалап, істеген әрекетіне өкіндіру қажет. Демек, қайтпайсыз, бармайсыз. «Мен саған сеніп тұрмысқа шықтым, сен сенімді ақтамадың» дейсіз. Отбасының алдында қол көтеру мәселесін көтеру қажет. Әйелді қорғайтын жақындары бар екенін көрсету қажет. Бір-екі кешірім сұрағаннан қайта салмаған жөн, - дейді Ержан Мырзабаев.

Мұндай сәтте ер адамның айтқан уәжіне де мән берген жөн. Егер ер адам қатесін мойындаса, психологпен жұмыс істеуге бағыттаған дұрыс.

Сұқбаттың толық нұсқасын видео форматта «Халық үні» YouTube арнасынан көре аласыздар.