Депутат нан бағасын 500 теңгеге көтеруді ұсынды

Еркеғали Болатұлы

Оның пікірінше, сонда ғана ауылдың жағдайы жақсарады-мыс

фото: Нұрдәулет Әбікеев

Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауылшаруашылығы өнімдері бағасы өсіруді ұсынды. Оның айтуынша, нан 500 теңге болуы керек екен.

Шынымды айтсам, нан өте арзан. Нанның құны 500 теңгеден кем болмауға тиіс. Мен өзім ауылшаруашылығы тауарын өндірушімін. Менің бидайым қазір 100 теңгеден де өтпей жатыр, – деді Мейрамбек Дөненбаев.

Журналист депутатқа «Мұны халықтың қалтасы көтереді деп ойлайсыз ба» деген сұрақ қойды.

Көтереді, әбден көтереді! Қазір кез келген тойханада, кез келген қоқыста тек нан жатады. Өзім нанды 110-120 теңгеден алып жүрмін, сүтті 300-350 теңгеге аламын, – деді ол одан әрі.

Депуататтың пікірінше, сонда ғана ауылдың жағдайы жақсарады-мыс. Ал оның әріптестері бұл пікірге келіспейді. Мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетовтің айтуынша, дотациялық облыстарда нан 120 теңге тұрады. Ал Жұмахан Еркебаев нанның 500 теңге болғанына қарсы.