×

Санатәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты

Егіздің сыңары Саматәлі де әуесқой рингтен кетіп, бағын сынап жүр

 Дастан Жұмабекұлы 23.04.2024 | 12:13
Фото: IBA

Боксшы  Санатәлі Төлтаев Sport+ Qazaqstan арнасына берген сұқбатында жақын арада кәсіпқой боксқа ауысатынын айтты.

Кәсіпқой боксқа ауысуды жоспарлап отырмын. Алланың қалауымен бұл деңгейдегі алғашқы жекпе-жегімді мамыр айында өткіземін. Негізі Белградтағы әлем чемпионатынан кейін ауысамын деген ой болған. Бірақ жаттықтырушым алдымен Олимпиадада бағымызды сынап көрейік деген еді. Енді қазір менің салмағымдағы (63,5 келі, - ред.) лицензияға басқа боксшы таласатын болғандықтан, мен кәсіпқой бокста бағымды сынап көруді шештім. Қандай бокс кеші, қарсылас кім болатынын алдағы уақытта айтамыз, – деді ол.

Оның айтуынша, кезінде егіздің сығары – Саматәлі екеуін жанкүйерлердің ағайынды Кличколарға теңеген кездері болған. Халық ағайынды Төлтаевтарға Олимпиада чемпиондары болады деген үміт артты. Бірақ Алла бермеген атақты ешкім ешқашан қуалап жүріп ала алмайды. Халықаралық Олимпиада комитеті әуесқой бокстан 60 келі салмақты алып тастаған соң, төртжылдықтың басты бәсекесіне баруға мүмкіндік болмады.

60 келі салмақты Олимпиададан алып тастады. Ал 63 келіде бағымды сынап көруге менің салмағым өсіп кетті, – деді спортшы.

Санатәлі Төлтаев соңғы рет әлем чемпионатына былтыр мамыр айында қатысқан. Сол кезде Өзбекстанның Ташкент қаласында арқаны керілген шаршы алаңда 63,5 келі салмақта күш сынасып, 1/16 финалда Маврикий елінен келген 35 жастағы Ричарно Колиннен жеңілді.

Осы жекпе-жекте үш бірдей Олимпиада ойындарына (2008, 2012, 2020) қатысқан тәжірибелі боксшы Ричарно Колинмен жұдырықтасу Санатәлі үшін ыңғайсыз болды. Осының алдында ол Сербияның астанасы – Белградта өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті.

Саматәлі Төлтаевқа келсек, ол – 60 келі салмақтағы Қазақстан чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионы. Былтыр жазда Абзал Серік екеуі допинг дауына ілігіп, әуесқой бокстан 2026 жылдың 31 наурызына дейін шеттетілген соң, кәсіпқой рингке ауысты.

Боксшы кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы жекпе-жегін биыл ақпан айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткізді. Ол жергілікті былғары қолғап шебері Рефик Тарханмен жекпе-жекте жеңісті төрт раундқа жоспарлап, соңына қарай айқын басымдықпен жеңді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама