Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметкерлерге жауапкершілік күшейеді
Сенат депутаттары Мәжіліс қабылдаған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда кері қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенат депутаты Советбек Медебаев заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында жобаны жетілдіруді көздейтін маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Ол барлық ұсыныс пен ескерту 11 түзетуден тұратынын атап өтті.
Олар төмендегідей:
Жаңа заң жобасы бойынша террористер мен педофилдер елімізге кіре алмайды.
Қылмыскер, азаматтығын алған елге Қазақстан ратификациялаған, сотталған адамдарды беру туралы халықаралық шарттармен қоса, Қазақстанның Бас прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара келісім қағидаты негізінде қол жеткізген келісімге сүйене отырып, өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетке беріледі, - деді Советбек Медебаев.
Депутат заң жобасындағы кейбір нормаларды қайта қарау керектігін атап өтті.
Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті, «Қазақстан Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңның 29-бабы 7) тармақшасын басшылыққа алып, Сенат отырысының қарауына «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын енгізеді және Қазақстан Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес, заңның жекелеген нормаларын мақұлдамауды және көрсетілген нормалардың жаңа редакциясын ұсына отырып, заңды Мәжіліс қайтаруды ұсынады, - деді ол.
Дауыс беру нәтижесінде сенаторлар заң жобасын Мәжіліске қайтарды.