Halyq Uni логотип
×

Қазақстанға террористер мен педофилдер кіре алмайды: Сенат заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметкерлерге жауапкершілік күшейеді

 Дәурен Ерболат 18.04.2024 | 11:30
Қазақстанға террористер мен педофилдер кіре алмайды: Сенат заң жобасын Мәжіліске қайтарды
фото: Halyq Uni

Сенат депутаттары Мәжіліс қабылдаған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда кері қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенат депутаты Советбек Медебаев заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында жобаны жетілдіруді көздейтін маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Ол барлық ұсыныс пен ескерту 11 түзетуден тұратынын атап өтті.

Олар төмендегідей:

  • Құқықтық қайшылықты болдырмау үшін Жер кодексіне қоныс аударушыларға конкурстан тыс тәртіппен шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мерзімдеріне қатысты толықтырулар енгізілді;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 428-1-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының, уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмыс жасаған жағдайда 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның балама түрлері алынып тасталды;
  • Бейнебақылау жүйелерін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылықтың енгізілуіне байланысты Қазақстанның Қылмыстық-атқару кодексіне бейнебақылау жүйесі ұғымын енгізу бөлігіне түзетулер енгізілді;
  • «Халықтың көші-қоны туралы» заң талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау туралы дербес тараудың енгізілуіне байланысты заңның жекелеген нормалары Кәсіпкерлік кодексінің және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормаларына сәйкес келтірілді.
  • Сондай-ақ осы заңмен ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған шетелдіктердің Қазақстанға келуiне тыйым салатын негіздер кеңейтіліп отыр. Осыған байланысты, қылмыстық-процестік кодекстің нормаларына сәйкес келтіру үшін «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарға тиісті толықтырулар енгізілді. 

Жаңа заң жобасы бойынша террористер мен педофилдер елімізге кіре алмайды.

Қылмыскер, азаматтығын алған елге Қазақстан ратификациялаған, сотталған адамдарды беру туралы халықаралық шарттармен қоса, Қазақстанның Бас прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара келісім қағидаты негізінде қол жеткізген келісімге сүйене отырып, өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетке беріледі, - деді Советбек Медебаев.

Депутат заң жобасындағы кейбір нормаларды қайта қарау керектігін атап өтті.

Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті, «Қазақстан Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңның 29-бабы 7) тармақшасын басшылыққа алып, Сенат отырысының қарауына «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын енгізеді және Қазақстан Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес, заңның жекелеген нормаларын мақұлдамауды және көрсетілген нормалардың жаңа редакциясын ұсына отырып, заңды Мәжіліс қайтаруды ұсынады, - деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде сенаторлар заң жобасын Мәжіліске қайтарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама